«Қазақмыс» жаңа ұжымдық шартқа қол қойды

«Қазақмыс» корпорациясы қызметкерлерін әлеуметтік қорғауды күшейту мақсатында жаңа ұжымдық шартқа қол қойды.

Онда компания басшылығы мен кәсіподақтардың ұсыныстары ғана емес, қызметкерлердің де талабы ескерілген. Жаңа құжатқа сәйкес жұмысшылар мен олардың отбасына берілетін әлеуметтік төлемдер еселеп артты.

«Қазақмыс» өз қызметкерлерінің әл-ауқатын арттыруға инвестиция салуға дайын. Компания басшылығы мен кәсіподақтар ресми қол қойған жаңа ұжымдық шарт соның айқын дәлелі. Жаңа құжатқа сәйкес бала дүниеге келген кездегі төлемдер бұрыңғы шартпен салыстырғанда бес есе өседі. Отбасы құрған еңбеккерлерге берілетін әлеуметтік қолдау да дәл осындай. Бұдан бөлек, ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған жанұяларды қолдаудың жаңа түрлері енгізілді. 

Асылбек Қойлыбай, "Әділетті жол" кәсіподағының төрағасы:

- Балалары ерекше туған, мүгедек балалар дейді ғой отбасылар көп жұмыскерлер арасында. Оларға 30 АЕК ай сайын беріліп отырады. Айлықтың үстінен. 117 мың. Ол дегеніміз жұмыскер айлығын дәрі-дәрмекке құртпас үшін бөлек түсіп отырады.

Жаңа ұжымдық шартты әзірлеуде кәсіподақтар маңызды рөл атқарды. Жыл бойы жұмысшылардың еңбек құқықтарына қатысты мәселелерін тыңдап, компания басшылығына жеткізді. Кәсіподақ өкілдері «бұл – соңғы жылдары қабылданған ең жақсы құжаттардың бірі» дейді. 

Уалихан Нұржанов, "Кәсіпқорған" кәсіподағының төрағасы:

- Ең бастысы бұл жерде еңбек демалысына деген қосымша күндер бойынша сұрақ 25-26 жылдары жалғасатын болады. алдағы уақытта осы мәселелерді жалғастырамыз. Жылдың аяғында тағы да бір отырысымыз болады. жыл сайын осы ұжымдық шартты жақсартуға атсылсамыз. 

Ұжымдық шартқа енгізілген өзгерістен бөлек Қазақмыс басқа да әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруды жоспарлап отыр. Биыл 200-ден астам пәтерді қызметкерлердің меншігіне беру қарастырылған. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалтуға қаражат бөледі.

Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов