Шағын және орта бизнес 4 млн адамды жұмыспен қамтып отыр
Былтыр шағын және орта бизнестің үлесі шамамен 39% құрады. Салада 4 млн-нан астам қазақстандық еңбек етіп, нәпақасын тауып жүр, деп хабарлайды 24kz.
Бұл елдегі жұмыспен қамтылған халықтың жартысына тең. Бүгінде отандық кәсіпкерлердің көбі өндірісте алдыңғы қатарлы тәсілдерді қолдана бастаған.
Ерінбеген адамға әрқашан «екі қолға бір күрек» табылады. Мына шеберханада еңбек ететіндер осылай дейді. Олардың қолынан шыққан бұйымдар үлкен сұранысқа ие бола бастаған. Бұл кәсіпті нәсібіне айналдырып, ісін дөңгелетіп отырған әлеуметтік кәсіпкер Эмин Әскеров мұнда заманауи технологияларды қолдана бастағанын айтады.
Эмин Әскеров, әлеуметтік кәсіпкер:
- Шағын және орта бизнестің көші қазір ілгерілей түскен. Көпшілігі әлемдік тәжірибеге сүйенеді. Қазір біз әлеуметтік осал топтағы адамдарды жұмыспен қамтып отырмыз. Мәселен АҚШ-та 150 мың әлеуметтік кәсіпкер 15 млн әлеуметтік осал санаттағы адамға жұмыс беріп отыр. Ал, Ұлыбританияда 100 мың осындай іскер 10 млн-ға жуық адамды жұмысқа орналастырған. Сол сияқты мүмкіндіктерге жол ашу арқылы біз табысымызды арттырып отырмыз.
Кәсіпорын қызметкерлерінің 95%-і жалғызбасты аналар мен мүгедектігі бар жандар. Мұнда олар балабақша жиһаздарын жасайды. Шеберханадағы ағаш ұстасы Айдар Гүлбарахов екінші топ мүгедегі. Мүмкіндігім шектеулі деп қол қусырып отырған жоқ. Ағаштан түйін түйіп, түрлі ойыншық жасап жүр. Екі баланың әкесі: «Отбасын өзім асырап отырмын», - дейді.
Айдар Гүлбарахов, ағаш ұстасы:
- Мен ағаш шеберімін, балаларға ойыншық істейміз. Менің 2 балам бар, әйелім бар, өзім асырап жатырмын аш қалмасын деп, тамағын киімін… Өзімнің еңбегім, өзім істеймін, балаларыма апарып беремін, ойыншықты бәрін апарып беремін.
Бүгінде шағын және орта бизнестің дамуына мемлекет тарапынан қолдау көп. Бұл саланың ел экономикасындағы басты қозғаушы күшке айналғанын Президент те арнайы айтқан болатын. Бір ғана мысал, биылдың өзінде бір ғана Алматыда шағын және орта бизнесті дамытуға бюджеттен 71 млрд теңге бөлінбек. Бұл арқылы 4 мың жоба жүзеге асады.
Қадыржан Асқаров, «Атамекен» ҰКП департамент директоры:
- Салық заңнамасын өзгертуге «Атамекен» палатасы өте үлкен жұмысты атқарып отыр. Бұл өте үлкен жетістік. Енді бір айтып өтетін мәселе, мысалы, қолайлы жағдайлар шағын бизнеске жасалады. Бүгінгі күннің ең басты мақсат – ол сол шағын бизнеске орта бизнеске өту үшін қолайлы жағдайлар жасау. Сонда шағын бизнестегі азаматтар, компаниялар орта бизнеске өтуге мәжбүрлеусіз өздері өтуге әбден мүмкін.
Статистикалық деректерге сүйенсек, өткен жылы ел экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесі 39%-ке жетті. Бұл салада 4 млн-нан астам қазақстандық жұмыс істейді.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Мұрат Арипханов