Шымкенттік жастарды жеңіл өнеркәсіпке тартудың тың әдісі қолға алынды
Шымкенттік жастарды жеңіл өнеркәсіп саласына тартудың тың әдісі қолға алынды.
«Жұмысшы мамандықтар» жылына орай кілем фабрикасында сыйақының бірнеше түрі тағайындалып, қолдаудың жаңа тетіктері қарастырылды. Ал кәсіби білімі жоқ кадрларға тәжірибелі шеберлер саланың қыр-сырын үйретеді.
Алтынай Дәден кілем фабрикасы құрылғаннан бері табан аудармай еңбек етіп келеді. Он жыл ішінде өндірістің барлық сатысынан өтіп, өнім сапасын тексеруге дейін меңгерді. Өз міндетін асқан жауапкершілікпен атқаратын шеберге өңдеу бөлімін басқару тапсырылды.
Алтынай Дәден, өңдеу бөлімінің шебері:
-Өңдеу бөлімі кілем өндірісінің ең маңызды бөлімі деп есептеймін. Себебі барлығын тігіп, бракты тексеріп, қате жерлерін тоқып, жапсырып бір қызметке қарап қалмаймыз. Ұнағаннан кейін осы жерге өз баламды да кіргізіп қойдым. Осында істейді.
«Еңбектің ебін тапқан адам кез келген жұмысты иіріп алып кетеді», - дейді шебер. Қазір Алтынай Дәден жас мамандарға білгенін үйретіп, жетекшілік етеді. Осындай тәлімгердің ақыл-кеңесінен кейін тоқыма бөліміне Берік Байтуған да бет бұрды. 20 жастағы жігіт жіптерден шашау шығармай, автоматтандырылған қондырғыда шатасып қалмауын қадағалайды.
Берік Байтуған, тоқымашының көмекшісі:
-Кілемнің қалай шығатыны, қалай тоқылатыны сол маған қызық болды. Осы салаға сол себептен келдім. 2 апта мені үйретті. Жіпті қалай байлау керек, қай жерден қандай жіпті өткізу керек, жіптерді ажыратып беруді үйретті маған. Соның бәрін үйреніп, әрі қарай өзім алып кеттім.
Адал еңбек ескерусіз қалмайды. Фабрикада жұмысшыларды қолдау мақсатында ынталандыру әдістері енгізілген. Еңбек өтілі 5 жылдан асқандар отбасымен шипажайда тегін демалып қайта алады. Ал 8 жылдан соң шетелге жолдама беріледі. Одан қалды жұмысшы мамандықтар жылына орай сыйақы тағайындаудың жаңа тәсілі белгіленді.
Нүркен Қарақұлов, кілем фабрикасының атқарушы директоры:
-Жұмыстан қалмай 24 күн бойы үздіксіз келсе оған арнайы сыйақы тағайындалды. Жұмысшылардың тәжірибесіне байланысты сыйақы тағы тағайындадық. Кім тоқыма станогын тоқтатпай үздіксіз жұмыс істеп, көп көлемде кілем тоқыса оған арнайы тағы да сыйақы беріледі. Осындай үш түрлі сыйақы ұсынып, жұмысшыларды ынталандырдық.
Осыдан кейін жастардың жеңіл өнеркәсіп саласына ынтасы ауды. Қазір кілем фабрикасында 500-ге тарта адам еңбек етсе, оның 90%-ке жуығы жастар.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов