Былтыр елдегі тұрғын үй құрылысы рекордтық межеге жетті
Құрылыс саласы – экономика драйверлерінің бірі. Былтыр елдің жалпы ішкі өніміндегі үлесі 6%-ке жуықтады, деп хабарлайды 24kz.
Қазіргі уақытта салада шамамен 53 мың кәсіпорын бар. 670 мың адам құрылыста тер төгіп, нан тауып жүр.
Өткен жылы құрылыс деңгейі бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізді. 19 млн шаршы метрге жақын баспана салынды. Соған сәйкес ипотекалық бағдарламалар саны да артып келеді.
Нұрқанат Қанапия, тілші:
- Былтыр жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама арқылы 7861 несие берілді. Жалпы тұрғын үй құрылысын ынталандыруға 965 млрд теңге қаражат бөлінген.
Былтыр елдегі тұрғын үй құрылысы рекордтық межеге жетті. 19 млн шаршы метрге жуық баспана салынды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ақпаратына сүйенсек, бұл алдыңғы жылдан 6,4%-ке артық. Алдағы уақытта құрылыс қарқынын күшейту көзделіп отыр. Яғни, Президент тапсырмасына сәйкес, 2029 жылға қарай құрылыс көлемін 111 млн шаршы метрге жеткізу керек.
Сонымен қатар Үкімет бұл үйлердің қолжетімділігіне де назар аударып отыр. Қазіргі таңда әртүрлі санаттарға арналған жеңілдетілген бағдарламалар бар. Бұл ретте үстеме ақысы 2%-тен басталатын ипотекаларды айтуға болады. Сондай-ақ қазір «Отау» және «Наурыз» бағдарламаларына ел тарапынан қызығушылық жоғары. Былтыр екі бағдарлама шеңберінде 10 мыңнан астам несие берілді. Қарыздың жалпы сомасы 250 млрд теңгеден асты.
Биыл несие сомасы өсетіні анық. Себебі Үкімет жаңа бағдарламаларды іске қосып жатыр. Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында тапсырма берді. Әсіресе, жұмысшыларды қолдауды баса айтты.
Олжас Бектенов, ҚР премьер-министрі:
- Жұмысшы кадрларды әлеуметтік қолдаудың үздік корпоративтік тәжірибесін кеңінен таратып, жаңа ынталандыру шараларын енгізу керек. Өнеркәсіп, Энергетика, Көлік, Ауыл шаруашылығы, Су ресурстары министрліктеріне кәсіпорындармен, әкімдіктермен және «Отбасы банкімен» бірлесіп, жұмысшы кадрлар үшін ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үйдің жеңілдетілген бағдарламаларын іске қосу мәселелерін пысықтауды тапсырамын.
«Наурыз жұмыскерге» 17 наурыздан бастап құжат қабылданады
Елде «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы іске қосылды. Бұл – «Наурыз» бағдарламасының бір бөлігі. Бағдарлама техникалық мамандарды қолдауға арналған. Осы мақсатта биыл 72 млрд теңге бөлінбек. Яғни, 2440 несие беру көзделіп отыр. Несиеге өнеркәсіп, энергетика, көлік, ауыл және су шаруашылығы саласының мамандары қол жеткізе алады. Несие әлеуметтік осал топтарға 7%-пен беріледі. Ал басқа санаттарға 9%-тік үстемеақы қарастырылған. Несие алатын адам 10%-тік жарна құюға тиіс. Ең көп қарыз сомасы облыстарға – 30 млн теңге. Ал Астана мен Алматыға 36 млн теңге сомасында бекітілді. Өтінімдер 17 наурыздан бастап қабылданбақ.
«Қарағанды жастары»: үш жылда 334 пәтер берілді
Кейінгі жылдары облыс әкімдіктері де баспанамен қамту жобаларын қолға алды. Мәселен, 2022 жылы Қарағанды облысында «Қарағанды жастары» бағдарламасы іске қосылды. Бұл бағдарлама жергілікті бюджеттен қаржыландырылып отыр. Несие сомасы – 20 млн теңге. 19 жылға дейін 6%-тік мөлшерлемемен беріледі. Бағдарлама аясында жаңа үйді немесе бұрын салынған үйді сатып алуға болады. Бағдарламаға жасы 35-ке толмаған азаматтар қатыса алады. Бас-аяғы үш жыл ішінде 334 үй берілді. Қазір бағдарламаға қатысатын санаттарды ұлғайту бойынша жұмыс жүріп жатыр.
Нұржан Ілияш, Қарағанды облысы Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы:
- Бұған білім, денсаулық, мәдениет, БАҚ, спорт саласындағы жастар, сонымен қатар биылғы жылы біз оның құрамын тағы да үлкейтіп, Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері «Қазпоштаның», сонымен қатар жетім балалар, ата-анаың қамқорлығынсыз қалған балалар, сонымен қатар мемлекеттік қызметшілер кіріп отыр.
Жыл санап бағдарлама аясы кеңейіп келеді. Бастапқыда Қарағанды қаласында басталған еді. Былтыр Теміртау мен Саран қаласының жастары баспаналы болды. Биыл бағдарлама шеңберіне Балқаш, Шахтинск қалаларымен Ақтоғай, Бұқар жырау аудандарын енгізу көзделіп отыр.