Енді банктер ірі жобаларға үлес қосады
Енді екінші деңгейлі банктер үкіметтік бағдарламаларды орындауға міндеттеледі. Оның ішінде ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға атсалысады. Иә, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы біраз бастама көтерді. Мәселен, туризм саласындағы көрсеткіштерді әлі де жетілдіру маңызды. Себебі бұл сала экономиканың драйвері болмай тұр.
Банктер ірі жобаларға үлес қосады
Мемлекет басшысы екінші деңгейдегі банктердің ресурстарын үкіметтік бағдарламаларға тартуды тапсырды. Әсіресе ірі инфрақұрылымдық жобалардың құрылысы мен жаңғырту жұмысына пайдалану қажет. Президент мемлекет бөлетін қаражатты кезең-кезеңімен несие мөлшерлемесін субсидиялауға бағыттау керектігін айтты. Осылайша қаржыландыру көлемін бірнеше есе ұлғайту көзделеді. Бұл банктердің ақшасын экономикалық айналымға қосуға мүмкіндік береді. Сарапшы Жанерке Қайратқызы бұған дейін мемлекеттік және жекеменшік сектордың әріптестігі арқылы көп жоба іске асқанын айтты. «Енді одан да үлкен жобаларға екінші деңгейлі банктерді жұмылдыру – дұрыс шешім», – дейді. Бұл қаржы ұйымдарының мемлекет пен әлеумет алдындағы жауапкершілігін сезінуге ықпал етеді. Президент те банктердің халыққа жау еместігін атты. Қаржылық институттар – экономикамыздың ажырамас бөлігі. Жанерке Қайратқызы 2017-2020 жылдары банктерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілгенін айтты. Себебі сын сағатта банктердің мүддесі ғана емес, салымшылар, яғни халықтың да қауіпсіздігі басты орында тұрды. Қазір қаржы ұйымдарының ахуалы түзелген. Енді мемлекетке қызмет ететін кез келді.
Жанерке Қайратқызы, сарапшы:
- Бірақ бүгінде банктер бұл мәселелердің бәрін еңсерді, олар өздерінің берешектерінің барлығын өтеп болды деп атап өтілді. Ол банктер бүгінде ондай қиындықтардың алдында тұрған жоқ. Олар қазір тұрақты даму үстінде, жақсы табыс тауып отыр және ол табыстың бір бөлігімен осындай ірі жобаларға тегін емес, бірақ дегенмен осы қаржыландыру, несиелендіру, субсидиялық несиелендіру қағидаттарын пайдалана отырып, өздерінің үлестерін қосуға болады.
Ұлттық банк тәуелсіз ұйым болып қала ма?
Экономист Арман Бейсембаев Ұлттық банк тәуелсіз ұйым болмай қала ма деп алаңдайды. Үкіметтің кеңейтілген отырысында төраға Тимур Сүлейменов халық арасында валютаға сұраныс артқанын айтты. Доллар саудасы 50%-ке өскен. Валюта бағамын ұстап тұру үшін Ұлттық банк тиісті шараларды қабылдады. Былтырғы қарашада АҚШ валютасы 520 теңгеге жуықтап қалғанда 1 млрд долларға интервенция жасалды. Квазикомпаниялар өз валюталық табыстарының жартысын сатуға міндеттелді. Ал ақша айырбастау орындарындағы бағам мен банк және қаржы ұйымдарындағы операциялар бақылауға алынады. Мемлекет басшысы: «Инфляцияны бағамдап, валюта бағамын тұрақтандыру үшін Үкімет пен Ұлттық банк бірге жұмыс істеу керек», – дейді. Алайда сарапшылар: «Ұлттық банктің тәуелсіз ұйым болып қалғаны жөн», – дейді.
Туризмнің даму қарқыны бәсең
Елдегі туризмнің даму қарқыны әлі көңіл көншітпейді. Мұны да Мемлекет басшысы айтты. Аталған сала экономикаға жаңа серпін беруі тиіс еді. Өкінішке қарай, инвестициялық әлеуетті күшейтуге арналған бастамаларға қарсы шығатындар бар. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Осы себепті қажетті инфрақұрылымды салуға жеке инвесторларды да тарту қажет», – деді. Ал Үкіметке іскерлік ахуалды жақсарту үшін неғұрлым батыл шаралар қабылдауды міндеттеді. «Экономикамыздың болашағы мен еліміздің әлем картасындағы орны, ең алдымен, осыған байланысты», – деді Президент. Былтыр елдегі туризм саласына 777 млрд теңгеден астам инвестиция құйылды. Бұл алдыңғы көрсеткіштен 27%-ке көп. Қаражат жаңа орналастыру нысандарын дамытуға және қызмет көрсету сапасын арттыруға жұмсалды. Нәтижесінде «Астананың туристік ауданы» жыл сайын 10 млрд теңге салық шегерімдерін жасайды. Ал Ақтаудағы «Жылы жағажай» жобасы аясында келесі жылға дейін 137 млрд теңгеге гольф-қонақүйлері, виллалар, аквапарк және ойын-сауық орталығы бар жағажай инфрақұрылымы бой көтереді. Биыл Қазақстандағы Қытай туризмі жылы. 2023 жылы визасыз режим енгізілгелі елге келген қытайлық туристер саны 78%-ке артып, 655 мың адамға жетті.
Елена Михнова, «Атамекен» ҰКП Туризм департаменті директорының орынбасары:
- Туризм министрлігінің ресми мәліметі бойынша былтырғы 9 айда елге 11,5 млн шетелдік азамат келіп, пандемияға дейінгі көрсеткіштерді жақсартты. Шетелдік қонақтарға транзиттік саяхатшылар, жеке сапарлар, студенттер және қызметкерлер кіреді. Қонақүйлерде шетелдіктердің жалпы санының 10-20%-і ғана тұрады. Бұл «туризмді» қонақүйде демалудан гөрі кеңірек қызмет түрі деп түсіну керек дегенді білдіреді. Биыл Қазақстанның халықаралық аренада, әсіресе Қытай нарығында өзін танытуға белсенді ұмтылысын ескере отырып, туристер ағынының артуы күтіледі.
Туризм саласында мәселе бар
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы табиғи объектілерді сақтау және олардың тозуын болдырмау үшін табиғи ресурстарды басқару жүйесін құруды ұсынды. Қазір танымал туристік орындарда туристер қалдырған қоқыс пен көліктердің жиналуы – үлкен мәселе. Бұдан бөлек, шалғай аймақтардағы инфрақұрылымды дамыту, қызмет көрсету сапасын арттыру және туристік қызметтердің бағасын реттеу де өзекті. Палата сарапшылары жеңілдетілген рейстерге бәсекелестіктің сәтсіз аяқталуына байланысты қазақстандықтар жоғары бағамен ұшқанын атап өтті. Ал биыл Азаматтық авиация комитеті байқауды сәтті аяқтап, танымал туристік бағыттарға рейстерді жүзеге асыратын отандық әуе компаниясын белгіледі. Бұл бағаны реттеуге мүмкіндік береді дейді сарапшы.
Ауқымды жобалар қолға алынады
Қазір елде Мемлекет басшысының үш негізгі туристік аймақты дамыту жөніндегі тапсырмалары жүзеге асып жатыр. Бұл «Шортанды-Бурабай» курорттық аймағы, «Алматы тау кластері» және Маңғыстау облысы. Биыл Бурабай курорттық аймағында жетіспейтін инфрақұрылымның құрылысы аяқталады. Ал келесі жылы елде туризмді дамытуға 63 іс-шара жоспарланған. Ол үшін 40 млрд теңге бөлінеді. Қаражаттың тең жартысы республикалық бюджеттен, 5,1 млрд жергілікті бюджеттен, ал 14,1 млрд жекеменшік компаниялар тарапынан салынбақ. 2027 жылы жалпы сомасы 37,8 млрд теңгені құрайтын 38 жобаны жүзеге асыру жоспары бар. 2028-2029 жылдары 20-дан астам ірі іс-шараны жүзеге асыру көзделеді. Кешенді жоспарда туризмді насихаттауға ерекше көңіл бөлінген. Осылайша 2029 жылға қарай туристік ағынның айтарлықтай өсуі 20 мыңнан 100 мың адамға дейін, сондай-ақ инвестиция көлемінің 12,2-ден 22,6 млрд теңгеге дейін артуы күтіледі.