Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысында бірқатар келісімге қол қойылды
Алматыда Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысы өтті, деп хабарлайды 24kz.
Одақ құрамындағы бес елден бөлек, жиынға байқаушы елдер Иран, Куба және Өзбекстан, сонымен қатар арнайы шақырылған Әзербайжан мен Тәжікстан елдерінің делегациялары қатысты. Жиында одақ аясында кедергісіз сауданы дамыту, іскерлік ахуалды қалыптастыру, туристік әлеуетті дамыту мәселелері қаралды.
Дөңгелек үстел басына жиналғандар Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің тұрақты экономикалық дамуын қамтамасыз ету бойынша бірқатар ұсыныстарды талқылады. Қазақстан Премьер-министрі орнықты экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін қолайлы бизнес-орта қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Бүгінгі таңда одақ аумағында реттеуші және нақты әсерлерді бағалау тетігі жұмыс істейді. Кәсіпкерлікті жақсарту үшін бұл тетікті кеңейту ұсынылды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- ЕАЭО бұл тек мүмкіндіктер кеңістігі ғана емес, ортақ мақсатты жүзеге асыратын, ынтымақтастық байланысты нығайтатын әлемдік аренада бәсекелестік қабілетті көтеруге ықпал етеді. Қол жеткізген келісімдер мен олардың жүзеге асуы одақтың экономикалық әлеуетінің артуына, іскерлік ахуалдың жақсаруына, елдеріміздің халқының жағдайының жақсаруына ықпал етеді деп сенемін.
Сөз жоқ, Еуразиялық экономикалық одақ – сауда-саттықты дамыту табысты жүзеге асырылып жатқан аса маңызды алаңдардың бірі. Мұны Мемлекет басшысы да атап өткен болатын. Одаққа төрағалық етуші тарап – Беларусь премьер-министрінің мәліметінше, бүгінде Одақтың жалпы ішкі өнімі тұрақты өсіп келеді. 2025 жылы Одақ аясында агроөнеркәсіптік кешенінің тиімді жұмыс істеуіне басымдық беріледі. Бұл азық-түлік қауіпсіздігі мен баға тұрақтылығын сақтауға септігін тигізеді.
Роман Головченко, Беларусь Республикасының премьер-министрі:
- Біз агроөнеркәсіптік кешенге ерекше назар аудару қажет деген шешімге келдік. Жыл бойы біз осы саладағы қолдаудың нақты формаларын анықтап, селекциялық, асыл тұқымды және тұқым шаруашылығы жобаларын жүзеге асыруға басымдық беруді көздеп отырмыз. Бұл біздің елдеріміздің агроөнеркәсіптік кешен саласындағы тәуелсіздігін барынша қамтамасыз ету үшін қажет.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша одақ аясында сауда көлемі 98,3 млрд доллардан асты. Ішкі сұраныс өскендіктен бөлшек сауда айналымы алдыңғы жылмен салыстырғанда 7,7%-ке артты. Сондай-ақ құрылыс және жолаушылар тасымалы өсім көрсетті. Жиында тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар келісімге қол қойылды.
Бақытжан Сағынтаев, ЕЭК алқасының төрағасы:
- Еуразиялық экономикалық одақтың қаржы нарығын дамыту қарастырылып отыр. Бүгін Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің ұйымдастырылған сауда алаңдарында бағалы қағаздарды орналастыру мен айналымға шығару үшін трансшекаралық қолжетімділік туралы келісімге қол қойылды.
Еуразиялық үкіметаралық кеңестің келесі отырысы тамыз айында Қырғыз Республикасының Шолпан-Ата қаласында өтеді.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев, Әбен Нарымбаев