«Қазақмыс» техникалық селеннің алғашқы партиясын шығарды
Қазақстанда құрамы таза селен өндірісі жолға қойылды, деп хабарлайды 24kz.
Сирек кездесетін металды өндірудің тың әдісін Сәтбаев университетінің ғалымдары ойлап тапты. Балқаштағы «Қазақмыс Прогресс» серіктестігінің селен тазарту және шлак өңдеу цехынан осы металлургиялық өнімнің 100 тоннасы шетелге жөнелтілді.
Селен – күн батареяларында шыны, медицина және электроника салаларына кеңінен қолданысқа ие металл. Бірақ осы уақытқа дейін елде өндіріліп келген селен құрамы жағынан таза болмайтын. Енді 20 жылдан астам зерттеу жұмыстарынан кейін Сәтбаев университетінің ғалымдары мыс қалдықтарынан құрамы таза селен алудың жолын тапты.
Марат Ысмағұлов, Селен тазарту және шлак өңдеу цехының бастығы:
- Балқытылған селенді қыздырамыз. Содан ол сұйық күйден буға айналады. Одан ары төмен температурада мұз боп кетеді. Сол кристалды зат 99,5%-пен таза техникалық селен боп шыға келеді.
Осылайша, бірегей қондырғы қолданысқа енгізілгелі түсті металдардың әлем нарығының талабына сай өнім өндіруге жол ашылды. Бұл тазартылмаған селен өндірісін жылына 60 тоннадан 100 тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік беріп, оны тазартуды экономикалық тұрғыдан тиімді етті.
Жаңа технология селеннің әлемдік нарықтағы бағасының қосылған құнын 30%-тен 97%-ке дейін арттырды. Бұны премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысына баяндаған еді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Сәтбаев университетінде «Қазақмыс» корпорациясының тапсырысы бойынша жаңа селен алудың жаңа тәсілі әзірленді. Ол медицина, электроникаа және басқа да жоғары технологиялық салаларда кеңінен қолданылуда.
СТ-1 маркалы техникалық селен Балқаш қаласындағы «Қазақмыс Прогресс» серіктестігінде селен тазарту және шлак өңдеу цехында өндірілді. Бұл – Қазақстанда алғаш рет бірегей вакуумдық дистилляция әдісі қолданылған өнеркәсіптік өндіріс саналады.
Авторы: Данияр Сұлтанұлы