Павлодардағы зауыт теміржол жиынтықтарының өндірісін ұлғайтады

Теміржол вагондарының өндірісіне қажетті жиынтықтарды шығаратын павлодарлық зауыт шағын, орта және пішінді бөлшектерді құю жөніндегі инвестициялық жобаны жүзеге асырады, деп хабарлайды 24KZ. Компания өндірістік процестерді автоматтандырып, цифрлық жүйеге көшу арқылы өндіріс ауқымын ұлғайтуды көздеп отыр. Қолданыстағы технологияларды жаңғыртуға тиімді бағдарлама бойынша мемлекеттен қаржы бөлінген. Бұл Қазақстанның индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енген жобаның бірі.

Компанияның Қазақстан нарығына шыққанына 20 жылдай болды. Осы уақыт аралығында теміржол вагондарына қажет жиынтықтардың 30-ға тарта түрін шығарып келеді. Жаңа инвестициялық жоба бойынша жүк вагонының үстеме арқалығы мен бүйірлік арбасының жақтауын, теміржол кәсіпорындарына, сондай-ақ тау-кен және металлургия кешені, мұнай-газ секторы мен энергетика саласына қосалқы бөлшектер мен жиынтықтар шығару көзделген. Жаңалықты кәсіпорын қызметкерлері жылы қабылдады.

Мерхат Садықов, кәсіпорынның жабдықтау бөлімінің басшысы:

- Мен осы зауытта 2010 жылдан бері жұмыс істеп келе жатырмын. Жай жұмысшы болып істедім жабдықтау бөлімінде. Қазір осы бөлімнің басшысы болып жұмыс істеймін. Қазір бізде жаңа жобалар ашылды. Жаңадан материалдар шығарамыз.

Президент 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Нағыз темірден түйін түйген шеберлер осы кәсіпорында еңбек етеді. Бақтияр Зайниденов: «Қара жұмыстан қорқуға болмайды», – дейді. Зауыттағы жұмысын ол металл құюшы болып бастапты.

Бақтияр Зайниденов, учаске басшысы:

- Кезінде мен осы зауытқа 2010 жылы келгенде жай «заливщик» болып келгенмін. Сосын ақырын-ақырын бригадир, сосын мастер болдым да, сосын қазір учаске басшысы болып істеп жатырмын. Ешқандай қиындық жоқ, үйренем деген адам үйренеді.

Жаңа жоба сәтті жүзеге асса, компанияның қуаттылы жылына 3500 тоннадан 50 мың тоннаға дейін артпақ. Соған сәйкес еңбек өнімділігі үш есеге дейін ұлғаяды. Жобаны өнеркәсіпті дамыту қоры төмен пайыздық мөлшерлемемен қаржыландырады. Алайда компанияның бас директоры Александр Янбулатов теміржол жиынтықтарына отандық кәсіпорындар тарапынан қызығушылық аз екенін тілге тиек етті. Айтуынша, ұзақмерзімді келісімшарттар жасалмайды.

Александр Янбулатов, теміржол жиынтықтарын шығаратын компанияның бас директоры:

- Теміржол машиналарын жасау бағдарламасында вагон жасау бөлімі бар. Мемлекет вагон жасаушыларға айтарлықтай қолдау көрсетіп отыр. Зейнетақы қорынан қаражат тартады және вагондарға мемлекеттік тапсырыс беріледі. Бұл біздің вагон жасаушылар үшін өте тиімді және бүкіл саланы дамытуға мүмкіндік бар. Осындай көмек қосалқы бөлшек өндіретін кәсіпорындарға да көрсетілсе деген ниетім бар.

Компания өнімдерін ішкі нарықтан бөлек, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Балтық және Еуропа елдеріне, Өзбекстан мен Тәжікстанға экспорттайды. Жоспарға сай жаңа өндірістік желілер алдағы екі жылда іске қосылады. Кәсіпорын ауқымын кеңейтсе, 500-ден астам жаңа жұмыс орны пайда болады. Сонымен қатар жоғары білікті техникалық қызметкерлерге сұраныс артады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков.