Балық шаруашылығына салынған инвестицияның төрттен бір бөлігі субсидияланады

Балыққа берілген қорек - жем-шөп құнының да 30 пайызы субсидияланады.

Балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы нәтижесінде алдағы екі жыл елдегі балық шаруашылықтарының саны 25 пайызға артуға тиіс.

2027 жылға қарай елдегі балық шаруашылықтарының саны 25 пайызға ұлғаяды. Яғни 700-ге жетеді. Ал өсірілген балық көлемі екі жылда 30 мың тоннаға көбейіп, 50 мың тоннаны еңсереді. Жалпы саны 71 жоба жоспарланған.

Бұл жұмыстар мемлекеттік қолдаулар арқасында іске асады. Яғни мұнда ірі инвесторларға су айдындарын беру, қызметтер құнын субсидиялау көзделген. Саладағы күрделі мәселе – зауыттар жабдықтары ескіріп тұр. Қазір Балық комитетіне қарасты үш кәсіпорын бар. Солардың бірі Атырау бекіре зауыты. 1998 жылы іске қосылған зауыт содан бері жөндеу көрмеген. ЦИТАТА.

Балық шаруашылығын 2027 жылға дейін дамыту жоспары

Шаруашылықтар – 700

Өсім – 25%

Өнім – 50 мың тонна

Барлығы – 71 жоба

Біз салаға ауқымды талдау жұмыстарын жүргіздік. Қазір балық шаруашылығындағы кәсіпорындардың басым бөлігі әбден ескіргені белгілі болды. Мәселен, Атырау бекіре зауытының салынғанына 30 жылға жуық уақыт өтсе де жабдықтары жаңартылмаған. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында халықаралық тәжірибені зерделедік. Және зауытты жаңғырту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірледік. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын биылғы жылдың көктемінде бастауды жоспарлап отырмыз. Осы сияқты жұмыстар Петропавл балық питомнигінде де жүргізіліп жатыр.

Аманғали Бердалин, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары:

Сала шығындары субсидияланады

Төрт жыл бұрын Балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы бекітілді. Қазір балық шаруашылықтарының салығы 70 пайызға төмендетілді. Сондай-ақ инвестицияның – 25 пайызы, жем-шөптің 30 пайызы субсидияланады. Бұдан бөлек шабақтарды, аналықтарды сатып алуға жұмсалған шығынның 50 пайызы өтеледі.

Дегенмен, балық өнімдерін қайта өңдеу кенжелеп тұр. Себебі мұнда мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылмаған. Енді мемлекет балық өнімдерін субсидиялауды бастамақ. Бұл отандық өнімнің ішкі нарықтағы құнын арзандатады. Және экспорттың ұлғаюына ықпал етеді. Сонымен қатар қазір балық аулау кәсіпорындарының жабдықтарын субсидиялау да жолға қойылып отыр. ЦИТАТА.

балық шаруашылығын субсидиялау

Салық – 70%

Инвестиция – 25%

Жем-шөп құны – 30%

Шабақ, аналық құны – 50%

Теңіз балық аулау кемелерін сатып алу үшін жеңілдетілген несие беру және лизингке енгізу жұмыстары жалғасуда. Бұл шаралар нәтижесінде теңіз балықтарын өндірудің жалпы көлемін 70 мың тоннаға дейін немесе 1,5 есе арттыру жоспарланып отыр. Дегенмен теңіздің ресурстық әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Оны барынша кәдеге жарату үшін теңіз балықтарының миграциясын кешенді зерттейтін, бекіре балықтарының генетикасына қатысты ғылыми зерттеулер жүргізетін зертхана құру қажет.

Аманғали Бердалин, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары

Зауыттар қуатын арттыру қажет 

Мемлекет су айдындарындағы балықты молайтуды көздеп отыр. Ол үшін баланстағы кәсіпорындардың қуатын арттыру қажет. Соның арқасында балық шабақтарын өндіру көлемі артады. Мәселен бекіре шабақтары жылына 8 млн-ға ұлғаюы тиіс. Сондай-ақ тұқы шабағын – 15 млн-ға, ақ балықты 100 млн-ға дейін көбейтуге мүмкіндік береді. Жалпы 2030 жылға дейінгі бағдарлама шеңберінде саланы цифрландыру, балық питомниктерін жаңғырту бойынша 16 іс-шара жүргізіледі. Және осы іс-шаралар аясында су айдындары да бекітіледі.

Балық шаруашылығын дамытуға қанша қаржы қарастырылып отыр?

Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде саланы дамытуға 268,8 млрд теңге жұмсалады. Бұдан бөлек тағы 340,5 млрд теңге жеке инвестициялар бағытталады.