Биыл Үкімет жоспарланған бюджет шығындарын азайтуы мүмкін

Биыл Үкімет жоспарланған бюджет шығындарын азайтуы мүмкін. Сарапшылар осындай болжам жасап отыр. Тиісті шара Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін қолға алынды.

Серік Селеубайұлы, тілші:

- Қазына шығындарын азайтудың тағы қандай жолдары бар?

Сарапшылар бір ауыздан бюджет дефицитін азайту үшін жаңа технологияларды қолдану керектігін айтады.

2025 жылы республикалық бюджетке 21 трлн теңге кіріс түсуі тиіс. Оның 15 трлн-нан астамы салықтық түсімдер. Ал шығындар түсетін пайдадан көп, яғни, 25 трлн теңгеден астам. Сонда бюджет тапшылығы 4 трлн теңге. Мұнайдан түсетін қаражатты есептемегенде тапшылық 11 трлн-ға таяп тұр. Әдетте бюджеттің бұл жыртығы Ұлттық қордан бөлінетін қаражатпен жамалады. Былтыр бұл қоржыннан 6,3 трлн теңге қаржы алынған. Оның 5,6 трлн теңгесі қордан тікелей трансферт жасалса, 467 млрд теңгесіне акциялар сатып алынды.

Айбар Олжай, сарапшы:

- Шығыстарды кесуден қорықпау керек. Бізде шынымен де фобия бар шығыстарды кесуден. Кейбір шығыстар шынымен керек пе? Соны қарап кесуге, менің ойымша, биыл баратын сияқты. Сондытан сіз айтып отырған бюджет жобасы алдын ала 2024 жылы жасалған болатын. Мына жаңа өзгерістердің лебі жоқ болатын. Сондықтан ол міндетті түрде өзгеріске ұшырайды. Үлкен корректировка болуы мүмкін.

Одан бөлек, бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын қадағалау мәселесі бар. Ол үшін биыл Мемлекеттік сатып алу заңына қоғамдық бақылау ұғымы енгізілді. Бұл норма тендердегі заңбұзушылықты анықтаған кез келген азаматтың құзырлы органдарға шағынуына мүмкіндік береді. Дегенмен, белсенділер адамдар бюджет қаржысын бақылауңға құлықты емес екенін айтады.

Бауыржан Заки, белсенді:

- Біреудің ақшасы, бюджет ақшасы, Үкіметтің ақшасы, респубюликалық бюджеттен келген қаражат деген түсініктер, терминдер пайда болғанан кейін азаматтарға бұл алыс нәрсе сияқты. Иә, ол шынында біреудікі. Өзгенікі. Оны не істейміз тергеп? Неге біз ол қаражатты тексереміз? Неге оған бақылау жасауымыз керек деген сияқты әңгімелер туындайды. Сондықтан да бұған жақындату үшін, яғни, ол сіздікі, азаматтыкі, тұрғындардыкі, салық төлеушінікі деп келтіретін болсақ қана, азаматтарды қоғамдық бақылауға итермелей, яғни, олардың талпынысын содан кейін ғана көре аламыз.

Дәл осы мемлекеттік сатып алу заңында бюджет қаржысын талауды азайтуға сеп болатын тағы бір норма енгізілген. «Бұл жаңалық бағаны аспандатудың алдын алуға тиіс», - дейді сарапшылар.

Нұрғали Рахманов, «Kun Jarygy» қауымдастығының сарапшысы:

- Мемлекеттік сатып алу туралы айтқанда бірден жемқорлық еске түседі. Сондықтан жаңа заңда бәсекесіз сатып алу әдістеріне көп көңіл бөлінді. Өйткені тікелей келісімшарт жасасу кезінде бағаны негізсіз көтеру жиі кездеседі. Себебі тапсырыс беруші ешқандай конкурс ұйымдастырмайды. Яғни, белгілі бір кәсіпкермен алдын ала келісіп, қымбатқа сатып алуы мүмкіндігі жоғары. Бұрынғы заңда осылай бір көзден сатып алуға 56 негіздеме бар еді. Қазір олар қысқарып, 47-сі қалды.

Қаржыны қадағалауға цифрлық технологиялар да көмектеседі. «Солардың бірі – блокчейн технологиясына негізделген цифрлық теңге. 2023 жылы пилоттық режимде енгізілген бұл жоба өзінің тиімділігін дәлелдеді», - дейді мамандар.

Бинұр Жаленов, Қазақстан Ұлттық банкі төрағасының кеңесшісі:

- Цифрлық теңге қазірдің өзінде мемлекет шығындарын бақылауға мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, Ұлттық қордан ірі инфрақұрылымдық жобаға қаражат бөлінді делік. Бәріміз бұл ақшаның мақсатты жұмсалғанын қалаймыз ғой. Цифрлық теңге арқылы соны қадағалауға болады. Ол үшін әр токен боялады, яғни, белгі қойылады. Бұл ақша рельс алуға бөлінсе, тек рельс сатып алуға ғана жұмсала алады. Басқа тауар алуға, бөтен адамдарға жіберуге болмайды.

Қаржы министрлігі де бюджет шығынын азайтуға бағытталған жобаны қолға алған. Бұл жүйе мемлекеттік органдардың қаражатты қандай мақсатта жұмсағанын бақылауға мүмкіндік береді.

Әсет Тұрысов, ҚР Қаржы вице-министрі:

- Бухгалтерлік есептердің ортақ қоймасын жасақтап жатырмыз. Бүгінде барлық мемлекеттік органдардың өзінің жеке қаржылық жүйелері бар. Квазимемлекеттік сектордыкі де бөлек. Осы жоба аясында бұл деректердің барлығын бір жерге жинап, шығындарын талдауға болады. Яғни, қай ақшаның қайда жұмсалып жатқанын көреміз. Осы ақпарат негізінде шығындарды азайтпақпыз.

Яғни, талдау негізінде тиімсіз шығындар анықталып, оларды келесі жылғы бюджет жоспарынан алып тастайды. Осылайша, бюджеттің шын мәнінде қажетті мақсаттарға жұмсалуын қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар мемлекеттік органдар балансындағы мүліктер туралы да толық ақпарат жиналады. Бұл деректер де ашықтыққа алып келмек.