Тұрақты өндіріс кепілі – жоғары сапалы өнім
Инновацияның ең басты артықшылығы - бәсекелестікке төтеп беру.
Жаңашыл бизнесті жүзеге асырған қызылордалық кәсіпкердің ұстанымы осындай. Осыдан он жыл бұрын аймақта алғаш болып қорғаныш каскасын шығара бастаған іскер жан жоғары технологиялық өндіріс бірден табыс әкелмейтігін айтты. «Тұтынушыға қолжетімді бағада сапалы өнім ұсынуға ұмтылу керек », – дейді іскер жігіт.
Өндіріс пен құрылыс басындағы жұмысшыларға арналған мына каскалардың динамикалық және құралымдық беріктігі өте жоғары. Полимерден құйылатын осындай қорғаныш құралының жылына 30 мың данасы шығарылып, Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі ірі компанияларға жөнелтіледі. Ал 2013 жылы ісін енді ғана бастаған жас кәсіпкерді мекемелер маңына да жолатпайтын. Бірді-екілі ұсақ тапсырысты орындап, тиыннан теңге құраған сырбойылық азамат «Бизнестің жол картасы» аясында озық технологиялы желі орнатуға қол жеткізді.
Ғалым Прекешов, кәсіпкер:
- Қазақстанда тауар түрі аз өндірілгеннен кейін көбінесе Қазақстанда өндірілген тауардың сапасына күмән келтіреді. «Қажетті мөлшерде өндіре аласың ба?» деген сұрақтар көптеп келеді. Сол себепті ерінбей өндіріс орындарына барып, жұмысшылармен кездесіп, біздің жасаған каска кигенде қалай? Еңкейгенде түсіп кетпейді ме? Жоғары қарағанда түспейді ме? Шаң кірмейді ме? Сондай сұрақтарымыз болады.
«Кәсібің қанат жайсын десең, тапқан табысыңды бизнеске қайта құю қажет», – дейді Ғалым Прекешов. Азын-аулақ пайдаға масаттанып, жылтыраққа құмартпай, өндірістік желіні жаңғыртып отырсаң, мүмкіндіктер көкжиегі кеңейе түспек. Қытай қондырғысы мен Ресей шикізаты пайдаланылатын цехқа жуырда жаңа қалыптар әкелініп, қазір каскадан бөлек су құтыларының қақпағы құйылып жатыр.
Ғалым Прекшов, кәсіпкер:
- Жұмыс жасаймын деген адамға ештеңе кедергі болмайды. Таңертеңнен кешке дейін өндіріс көзінде болсақ, кешкі уақытта қағаздармен жұмыс істейміз. Ал істемеймін деген жалқау адам әрбір нәрседен кедергі өзіне тауып ала береді. Қағаздан тауып алады, «уақыт жоқ» деп айтуы мүмкін. Күшіңді, жігеріңді осы өзіңнің өндірісіңе арнайсың. 2-3 сағат ұйықтаған күндеріміз болды. Қазір әр саланың маманы бар кәсіпорында.
Маман демекші, жеңіл өнеркәсіптік цехта арнайы кәсіби даярлықтан өткен 15 шақты адам жұмыс істеп жүр. Еліміз бойынша баламасы өте аз өндіріс ошағы алдағы күзде пластик құты мен көзілдірік шығаруды бастайды.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев