Павлодар облысында ит қабу жағдайлары көбейіп кеткен
Жыл басынан бері Павлодар облысында екі мыңға жуық адамды ит қауып, медициналық көмекке жүгінген.
Бәріне құтыруға қарсы екпе жасалды. Былтырмен салыстырғанда ит қабу дерегі жеті процентке көбейген. Жалпы облыста эпидемиялогиялық жағдайы тұрақты. Аса қауіпті инфекциялардың алдын алу мен биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 9 миллион дозадан аса ветеринарлық препарат алынды. Жануарларға 11 түрлі екпе жасалды. Бүгінгі күні көктемгі және күзгі егу жұмыстарының 94 проценті орындалды. Аймақта сібір жарасы тіркелген жоқ. Өңірде бұл аурудың 131 қолайсыз пункті бар. Ол жердер эпидемиологтардың жіті бақылауында. Биыл облыста 33 адамның бруцеллезге шалдыққаны белгілі болды.
Асылтас Тілеубаев, облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары:
- Бізде 538 мың жоспар, 489 мың бас бүгінгі таңда зерттелді. Бұл ретте бруцеллезге оң жауап беретін нәтиже 2395 бас анықталды. Бүгінгі таңда санитарлық союға жіберілді. Облыс бойынша 10 айда ірі –қара малын бруцеллезге диагностикалық зерттеу жоспары 80 % орындалды. Ұсақ мал бойынша айта кететін болсақ бізде биылғы жоспар 598 мың бас, 559 мың бас бүгінгі таңда зерттелді, 245 бас оң нәтиже берді.