ШҚО-да мал қорымдары талапқа сай емес
Шығыс Қазақстан обылсында қараталақтан өлген мал қорымдары қараусыз қалған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері мониторинг кезінде қауіпті кеселден қырылған төрт-түліктің 100-ден аса қорымын тапты. Соның 95-і ветеринарлық қағидаларға сай болмай шықты. Қорым қандай да бір нысаннан кем дегенде бір шақырым қашықта орналасуы тиіс. Алайда жеме-жемге келгенде бұл талап ескерусіз қалып отыр. Қорымның кейбірі үйлерге немесе мектепке жақын жерде орын тепкен. Бірінің қоршауы бұзылса, кейбіріне арнайы ескертпе белгісі қойылмаған.
Мұндай деректер Күршім, Тарбағатай аудандарында анықталды. «Тіпті Өскеменнің іргесінде ауырған мал көмілген жер мүлдем қоршаусыз тұр. Ал маңайында қаншама шаруа қожалықтары бар», - дейді мамандар. Олқылықты түзеу үшін салалық органдарға ұсыныс жолданды.
Архат Бейсембаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің басқарма басшысы:
- Қоршалғаны бар,қоршалмағаны бар, не болмаса ескерту белгілері жоқтары бар, Солардың барлығын тиісті деңгейге жеткізіп, қоршап жөндеу керек. Біреуі білуі мүмкін біреу білмеуі мүмкін бірақ заң талаптарына сәйкес болуы керек.