Жерасты суын реттейтін дренаждар қашан жөнделеді?
Түркістан облысы Мақтаарал ауданының шаруалары жерасты суының көтерілуіне байланысты көктемгі дала жұмыстарын бастай алмай отыр.
Себебі жерасты суын соратын тік дренаждар әлдеқашан істен шыққан. Сор шаю жұмыстары қиындап, көптеген егістік алқап тұздана бастаған. Шаруалар соның салдарынан мақтаның өнімділігі төмендеп кеткенін айтады.
Мақтаарал ауданы тұрғындарының дені ауыл шаруашылығымен айналысады. Алайда диқандар соңғы 20 жылдан бері жерасты суын реттеп отыратын дренаждардың дені істен шыққанын айтады. Соның салдарынан жерасты суы көтеріліп, топырақтың құнары жойылған. Қазір Нұрлыбаев, Жаңажол, Қарақай ауылдық ауылдық округтеріндегі 57 тік дренаждың жартысы істемейді. «Бұл сор шаю жұмыстарын кешеуілдетіп, көктемгі егісті бастауға кедергі болып тұр», - дейді шыдамы таусылған шаруалар.
Қалмұрат Салманов, Арайлы ауылының тұрғыны:
-Сор шаю деген суды сорған кезде тік дренаж жұмыс істеп тұру керек. Жерасты суын тартып алып, үстінен таза су басу керек. Сонда ғана сор шайылады. Ал үстін суғарып алып, ағызып жіберу - көзбояушылық. Жерасты суы сол 80 см деңгейде тұра береді. Одан біздің өнімге зиян келеді. Тұз, сор жерге ештеңе шықпайды.
Қайрат Айнабеков, Ынталы ауылының тұрғыны:
-Мақта екпейін десең, тағы болмайды. Басқа дақыл шықпайды. Басқа дақыл бізде өспейді. Су ұзақ жатады, одан кейін кеш егеміз. Бұрын тік дренаждар істеп тұрған кезде судың 70-80%-ы жердің астына сіңген. Қалған 20-30%-ын сбросқа тастап отырған. Қазір 100 процент суды қайтып сбросқа тастаймыз.
Жалпы аудандағы 218 тік дренаждың 187-сі «Қазсушар» мекемесінің теңгеріміне өткен. Шаруалар: «Істен шыққан 27 дренажды жөндеуге миллиондаған қаражат бөлінген», - деп отыр.
Оразгелді Асаубаев, шаруа:
-Нұрлыбаевта жиналыс болған. Сонда Сүндет Кенжебаев деген депутатымыз: «Біз мына дренажды қалпына келтіру үшін 264 млн теңге бөлдірдік», - деп айтқан. Ал ол бөлінген ақша қайда кетті? Оны ешкім білмейді.
Ал «Қазсушар» мекемесінің мамандары үш ауылдық округтегі дренаждар мемлекет меншігіне өтпегендіктен, жөнделмей қалғанын айтады.
Әлі Мырзабеков, «Қазсушар» мекемесі Мақтаарал өндірістік бөлімшесі басшысының орынбасары:
-57-нің 20-сын біз жасап қойғанбыз. 20 данасы істейді. 10 данасын біз қалпына келтіріп қойдық. Оның насостары қойылса, қосылады. Ал 27-нің сметасын істеп, дайындап беріп қойдық. Қаражат бөлінсе, олар да осы биыл, келесі жылы бітеді.
Алайда жауаптылардың жауабы шаруалардың көкейіндегі күдікті сейілте алмады. Олар кезінде талан-таражға түскен қондырғыларды жөндеуге бөлінген қаражаттың мақсатсыз жұмсалғанын айтып, мәселе шешілмесе, прокуратураға шағымданатындарын жеткізді.
Авторлаоры: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш