Ұрпақтар арасындағы алшақтыққа не себеп?
Қазіргі балалар цифрлық технологиялар дәуірінде өмір сүріп жатыр.
Жасанды интеллекті мен нейрожүйелердің қарқынды дамып жатқан шағында дүниеге келген ұрпақтың бұрынғы буыннан өзгешелігі көп.
Себебі құндылықтары мен қажеттіліктері өзгерді. Кейбір дағдылар олардың бойынан табылмауы да кәдік. Ұрпақтар арасындағы мұндай алшақтыққа не себеп? Оны зерттеу қаншалықты маңызды?
Ұрпақтарды зерттеу теориясы Америкада пайда болды. Оның негізінде әр 20 жыл сайын бір ұрпақ орнын жаңа ұрпақ басады. Олардың құндылықтары заман ағымына қарай өзгеріп, түрлене береді.
Мысалы, осыдан 45 жыл бұрын өмірге миллениалдар келді. Бұл гаждеттер заманында туған буын. Олар алғашқылардың бірі болып цифрлық дәуірге бейімделе бастады.
Ал одан кейінгі ұрпақ интернет әлемінде туған – зумерлер. Олар жұмысты да, оқуды да, сауданы да онлайн атқаруға бейім. Бірақ қазір көпшіліктің назарында альфа балалар жүр. Бұл буын мобильді гаджеттің құлағында ойнайды десек, артық емес. Тіпті оған тәуелді боп барады.
Енді биылдан бастап өмірге бета ұрпақ келіп жатыр. Ары қарай не болмақ? Елестетудің өзі қорқынышты.
Жалпы ұрпақтар теориясы кейінгі 100 жыл негізінде жіктелді. Соған сәйкес қазіргі кезде жеті түрлі ұрпақ буыны қалыптасқан. Алғашқысы ұлы ұрпақ деп аталса, кейінгісі альфалар.
Ұрпақтар теориясының жіктелуі
ұлы ұрпақ: 1901-1927
үнсіз ұрпақ: 1928-1945
бэби-бумерлер: 1946-1964
Х ұрпақ: 1965-1980
Y ұрпақ: /миллиениал/: 1981-1996
Z буыны: 1996-2010
Альфа буыны: 2010-2024
Темірлан Төлеу, әлеуметтанушы, Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы:
- Бұл зерттеулердің өзектілігі, қазіргі жастардың арасында орын алатын жағдай, тенденциялар Қазақстанның алдағы 10-15 жылда не болатынын жоспарлауға және жорамалдауға мүмкіндік береді, сондықтан. Бірақ біз қазір бета ұрпақ осындай болады деп айта алмаймыз, бірақ альфа және оның алдындағы ұрпақтардың өзгерісінің негізінде белгілі бір пайымдаулар жасауымыз мүмкін.
Альфа буынының алды қазір 13-14-те. Яғни енді зерттеліп жатыр. Оларды «айпадкидс» деп те атайды. Себебі бұл буын алмасқан шақ дәл осы гаджеттің пайда болуымен байланысты. Және бұл жағдай альфалардың мобильді ұрпақ екенін танытады.
Темірлан Төлеу, әлеуметтанушы, Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы:
- Мысалы,олардың көбірек индивид болатыны, цифрлық технологияларға жақындау болатыны олар үшін онлайн оқу немесе қашықтан жұмыс істеу әдет болатыны ол факт.
Иә, цифрлық технологияларға жақындық тәуелділікке де алып келуі мүмкін. Сондықтан туғаннан қолынан гаждет түспейтін қазіргі бүлдіршіндердің тілдері кеш шығып, зейіні төмендеп, ата-аналар түрлі мамандарды жағалап кетті.
Айман Нұрмағанбетова, психолог:
- Бұл балалар осы цифрлық гаджеттерге, цифрлық технологияларға өте тәуелді келеді. Осыған байланысты қазіргі заманда ата-аналарға үлкен бір сын тұр. Ата-аналар осы гаджеттермен бала қалай жұмыс істеуі керек, қалай оны қолдану керек деген сұраққа ата-ана көп жағдайда жауап таба алмайды. Ата-ана өзі экоголиялық тұрғыда осы гаджетті пайдаланбаса, бала соны қайталайды. Сондықтан уақытпен шектеу міндетті түрде қажет.
Ал биыл өмірге араласа бастаған бета буын жасанды интеллект пен нейрожүйелердің қарқынды дамуына байланысты алмасып жатыр деген пікірде мамандар. Енді альфаларды гаджетсіз тәрбиелей алмайтынымыз анық, дегенмен ішінара шектеуге тиіспіз. Бірақ оны қалай жүзеге асыруға болады? Ол жайында әлем әзірге қауқарсыз.
Мөлдір Молдағали, Ырыстанбек Оспанов