Электронды үкімет жүйесіне жасанды интеллект енгізіледі

Жасанды интеллект жыл соңына дейін «Электронды үкімет» жүйесіне енгізіледі, деп хабарлайды 24KZ. Мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың жұмысы да нейрожүйе арқылы реттеледі. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мәлімдеді. Мамандар: «Виртуалды желі адами факторды азайтып, жұмысты ашық әрі жылдам етуге септігін тигізеді», – дейді.

Жасанды интеллект көз ілеспес қарқынмен дамып, өмірімізге дендеп ене бастады. Нейрожүйе енді электронды үкімет жүйесінде де қолданылады. Қазір Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жасанды интеллект агенттерін құру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Қарапайым сөзбен айтқанда, олар белгілі бір анықтаманы алуда біздің кеңесшіміз болады.  

Дмитрий Мун, ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі:

- Қазір көптеген мемлекеттік қызметтер цифрландырылған форматта болса да, халыққа қызмет көрсету орталығына келушілердің қарасы қалың. Кейде олар өздеріне қажетті таба алмайды. Өйткені қызметтердің атауы қиын. Сол себепті әр азаматтың жасанды көмекшісі болуы тиіс.

Елде жасанды интеллект сан түрлі салада қолданылады. Оның мүмкіндіктері жол қозғалысының үдерісіне, сондай-ақ мемлекеттік қажеттіліктер үшін үлкен деректерді өңдеуде белсенді түрде енгізіліп жатыр. Мәселен, әкімдер үшін  тұрғындардан келіп түсетін жүздеген өтініштерді сұрыптауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жасанды интелект ҰБТ сұрақтарын құрастыруды да жеңілдетеді.

Дмитрий Мун, ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі:

- Біз қазір ҰБТ-ға қатысты Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп жұмыс атқарып жатырмыз. Жасанды интеллект салада сұрақтарды жүйелеп, оның қайталанып кетпеуіне көмегін тигізеді. Сондай-ақ сұрақтарды құрастыруды жеңілдетеді.

Елде 16 мыңнан астам ІТ-компания бар, салада 180 мыңнан аса маман жұмыс істейді. Ал алдағы 5 жылда 1 млн адамды жасанды интеллект технологиясына оқыту көзделіп отыр.

БҰҰ деректеріне сәйкес Қазақстан онлайн-қызметтер индексі бойынша әлемдегі үздік 10 елдің қатарына кірді. Ал цифрландыру көрсеткішімен 193 мемлекеттің ішінде 24-ші орынға тұрақтаған. Иә, көрнекі мысал, елде бар болғаны 1 тәулікте жаңа төлқұжатты алуға болады. Мамандар: «Мемлекеттік қызметтерге жасанды интелектіні енгізу адами факторды азайтып, жұмысты ашық әрі жылдам етуге септігін тигізеді», – дейді.