Елімізде 2035 жылға қарай 26 ГВт электр қуаты өндіріледі
Алдағы 10 жылда еліміз электр қуатымен өзін өзі толық қамтамасыз етуі қажет. Сондай-ақ саладағы экспорттық потенциалды күшейту міндеті қойылды, деп хабарлайды 24kz.
Ол үшін ондаған ауқымды жоба іске асады. Дәстүрлі қуат көзін өндірумен қатар күн, жел мен судан энергия алуды молайтамыз. Мемлекет басшысы жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиялық бағдарымыз да өзгермейтінін айтқан.
Рухани Әбдірахман, тілші:
- Былтыр елде 117,9 млрд киловатт/сағат электр энергиясы өндірілсе, тұтыну көлемі одан асып, 119,9 млрд киловат/сағатқа жетті. Тапшылық бары анық. Әсіресе, күнделікті кешкі сағаттарда трафик жоғарылайды. Жетпеген қуат көзін Ресей мен Өзбекстаннан алдын ала келісім аясында алып отырдық. Биыл да солай болатын сияқты. Қазақстан жаңа қуат көздерін іске қоспайынша, тәуелділіктен арылмайды. Мәселені шешудің амалы бар. Министрлік жыл басында алдағы 7 жылға арналған жоспарды бекітті.
Берден Оспан, ҚР Энергетика министрлігі Электр энергетикасын дамыту департаментінің басқарма басшысы:
- Қазіргі таңда Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесі тұрақты жұмыс жасап жатыр. Биыл да электр энергиясының тұтыну көлемі өндріс көлемінен жоғары деңгейде жоспарланып отыр. Бірақ дегенмен, Мемлекет басшысының тапсырмасы бар. Үкіметтің алға қойған мақсаты бар. Соның аясында 2035 жылға дейін 26 гигаватт электр қуатын енгізу көлделген.
Алдағы 10 жылда 26 гигаватт жаңа қуат көздері іске қосылады. Салаға 8 трлн теңгеден астам инвестиция тарту көзделген. Атап айтсақ, 2026 жылы Түркістан қаласында 1 мың мегаваттық бу-газ қондырғысы қуат бере бастайды. Қызылорда қаласында 240 мегаваттық электр станциясы, осы секілді тағы қос ірі жоба Алматы қаласы мен Ұлытау облысында іске асады. Ал 2028 жылға дейін Жамбыл, Атырау, Ақтөбе облыстарында 700 мегаватт болатын жаңа қуат көздері салынып, тапшы аймақтарға энергия бере бастайды.
Болашақта атом электр станциясынан 2,4 гигаватт, жаңартылатын энергия көздерінен 10 гигаваттан астам қуат алу жоспарда бар. Экологиялық таза өндіріс құру еліміздің көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясына сай келеді. Елде күн, су мен желден энергия өндіретін 50 шақты нысан салынады. Жаңартылатын энергия көздері жобаларына мемлекеттік қолдаумен қатар инвестиция тарту шаралары күшейді. Әзірге энергияның 60%-тен астамы көмірден алынып отыр.
Марат Калменов, Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институтының департамент директоры:
- Көмір жағу есебінен энергия өндіру 2030 жылдан кейін 2035 жылға қарай азайып, жалпы энергетикалық баланста баламалы қуат көздері артады. Бір атом электр станциясын салу жайында шешім қабылданды, тағы екеуі жайында сөз қозғалып жатыр. «Жасыл энергетика» нысандарымыз бар. Сонымен қатар көрші елдермен осы бағытта байланысымызды нығайтуға тиіспіз. Себебі, экологиялық даму моделіне көшу өте көп электр энергиясын қажет етеді.
Биыл энергия қымбаттады. Былтыр тариф 10%ке өссе, осы жылы 15%-ке дейін көтеріледі. «Нарық заңы солай», - дейді мамандар. Салаға салынған инвестиция өзін өтеуі тиіс. Осы орайда жауаптылар алдында бағаны күрт шарықтатпай, байыпты шара қабылдау міндеті қойылды. Өңірлерде әлеуметтік осал топтар үшін жеңілдіктер қарастырылған.
Марат Калменов, Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институтының департамент директоры:
- Электр және жылу энергетикасы бағасының күллі экономикаға әсері бар. Сондықтан мемлекет оны реттейді. Біздің елдегі жағдайда тариф өз құнына жақын бағада белгіленіп келген. Кейінгі жылдары тариф баяу өсіп, инфляцияға ілесе алмауда. Мысалы, 5 жылда инфляция 20%-тен асса, осы аралықта электр энергетикасының тарифі 14% ғана өсті. Қаржы түспеген соң жылдар өткен сайын инфрақұрылымның тозығы жетті.
Былтыр жылу-электр энергетикасын дамытуға ел қазынасынан 58,3 млрд теңге бөлінді. 14 ірі жоба іске асты. Жалпы ұзындығы 20 мың 800 шақырым электр желілері күрделі жөндеуден өтті. 416 қосалқы станция жаңғыртылды. Қазір елде 222 электр станциясы жұмыс істеп, өңірлерді қуат көзімен қамтып отыр.
Авторы: Рухани Әбдірахман