Ақмола облысында 144 елді мекенді су басу қаупі бар
Бұл аумақтарда 15 мыңға жуық тұрғын бар, деп хабарлайды 24KZ. Қазір өңірде су тасқынына қарсы шаралар күшейтілген. Әзірге өзен-көлдер қатып жатқанымен, күн сәл жылыса, сең қозғалуы мүмкін. Мамандар бұған алдын ала қамданып, мұз жару жұмыстарын бастамақ.
Ақмола облысында тасқын қаупі жоғары аймақтың бірі – Атбасар қаласы. Мұнда қауіп төндіретін дәл осы Жабай өзені. Естеріңізде болса, былтыр ғана дәл осы өзен арнасынан асып, 200-ден астам үйді су басып қалып еді. Сондықтан атбасарлықтар көктем жақындаған сайын үнемі үреймен отырады. Ал қаланың тасқын суға деген биылғы дайындығы қалай?
Атбасарлықтар былтырғы тасқынды ұмыта қойған жоқ. Содан бері шағын шаһарда біраз жұмыс істелді. Тасқын қаупі жоғары жерлерде тұратын 200-ге жуық отбасына баспана беріліп, қауіпсіз жерге көшірілді. Жабай өзенінің түбі 6 метрге дейін тереңдетіліп, табаны тазартылды. Қазір мұнда су реттегіш құрылғы салынып жатыр.
Марат Ахметжанов, облыс әкімі:
- Міне, қазір осы жерден 3 осындай шлюз, бұл жанағы даладан келген судың бәрін Жабайға шығарып жіберуге толық мүмкіндік туады. Сондықтан ең бірінші даладан келген су елді мекенді баспайды деп сондай кепілдік бере аламыз. Наурызға дейін аяқтаймыз.
Жабайдан бөлек, ескі Қалқұтан және Шағалы өзендерінің арнасы нығайтылып, түбі тереңдетіліп жатыр. Бұл жұмыстарға корпоративтік қор есебінен 10 миллиардқа жуық қаржы бөлінді. Сондай-ақ жергілікті қазынадан да 500 млн теңге қарастылған.
Джанет Микишев, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:
- Қазіргі уақытта Жақсы, Шортанды және Бұланды аудандарынадағы гидротехникалық құрылғылар жаңартылып, жөнделіп жатыр. Ал Сандықтау, Атбасар, Астрахан және Зеренді аудандарындағы өзендер тазаланып, түбі тереңдетіліп жатыр. Бұл жұмыстар су тасқыны басталу кезеңіне дейін толығымен аяқталады.
Синоптиктер биыл қар мол жауды деп отыр. Өзен-көлдердегі ылғал деңгейі де жоғары.
Надежда Гуришкина, «Қазгидромет» РМК филиалының бөлім басшысы:
- Қазір тасқын қаупі жоғары аймақтар қатарында Целиноград, Аршалы, Атбасар аудандары бар. Ал су тасқыны бола ма, оны нақты айту қиын. Нақты болжам 5 наурыздан бастап шығады. Одан кейін 3 күн сайын тексеріп, ақпарат беріп отырамыз.
Синоптик мамандар қардың нақты қашан еріп, тасқын қаупі қай кезде күшейетінін әзірге дөп басып айта алмайды. Арқаны кеңге салуға болмайды. Сондықтан тасқынға тосқын шаралары жалғасады.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко.