Қазақстанда жыл сайын ұшақ пен құстар соқтығысуының 50-ге жуық оқиғасы тіркеледі
Жыл сайын ұшақ пен құстардың соқтығысуынан әлемдік авиация саласы 1 млрд долларға жуық шығынға ұшырап отыр, деп хабарлайды 24kz.
35 жыл ішінде мұндай апаттардан әлемде 500-ге жуық адам қаза тауып, 350-ден астам ұшақ жойылған. Бұл мәселе елімізде де өзекті. Жылына орта есеппен 50-ге жуық жоғарыдағыдай жағдай тіркеледі. Мұндай қақтығыстарды қалай тоқтатуға болады?
Айшылық алыс жерлерге қас-қағым сәтте жету үшін мыңдаған жыл бұрын құсқа ұқсатып ұшақты ойлап таптық. Бірақ бұл қанаттылардың қалыпты тіршілігіне қауіп төндірді.
Ресми мәліметке сүйенсек, Францияда жыл сайын 600 ұшақ, ал АҚШ-та шамамен 13 мың ұшақ құстармен соқтығысатын көрінеді. Ал Қазақстанда жылына орташа есеппен 40-қа жуық ұшақ ұқсас жағдайға ұшырайды.
Нақтылай айтқанда, құстардың әуе кемелеріне соқтығысуы бойынша 2022 жылы 65, 2023 жылы 36, ал 2024 жылы 47 оқиға тіркелген.
Биыл қаңтар айының соңында да Орал – Астана бағытында ұшқан ұшақ әуежайдан шыққан кезде қанаттыларға кезіккен. Абырой болғанда, бортқа қатты зақым келмей, әуе кемесі Астанаға аман-есен қонды. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін жауапты мекеме тарапынан қандай шаралар атқарылып жатыр?
Ерболат Сағындықов, Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің авиациялық инспекторы:
- Халықаралық ИКАО стандарттарында да, біздің заңнамамызда да белгіленген айқындалған шаралар бар. Әрбір әуежайда арнайы бағдарлама әзірленеді. Әуежайдың персоналын оқып, дайындау, сосын құстар шоғырланатын мекендерді анықтап, соларды жойып отыру, ағаштардың биіктіктерін үнемі кесіп, қадағалап отыру сияқты шаралар қолданылады.
Көбіне құстар көктем және күз мезгілдерінде әуежай маңына топтасады. Авиация сарапшысы Абыл Кекілбаевтың айтуынша, ұшаққа соқтығысқан құстардың 28%-ы бүркіт, тасқара сынды жыртқыш құстар болса, 27%-ы орман құстары, ал 18%-ы су жағасын мекендейтін құстар екені анықталған.
Сондықтан орнитолог мамандар әуежай маңында қанаттылардың әуе кемесіне кедергі келтірмеуін жіті бақылауда ұстайды.
Сая Кургашова, Ұшу қауіпсіздігі инспекциясының бас маманы, орнитология бөлімінің өкілі:
- Әуежайдың орнитолог мамандары тиісті үркіту құралдарын пайдаланады. Солардың бірі ол – дыбыстық үркіту құралдары, көрнекі бақылау құралдары және әуе айлақта бізде химиялық өндіріс жұмыстары жүргізіледі. Дыбыстық құралдардың бірі ол – биотехникалық қондырғылар, механикалық қондырғылар және қатты дыбыс шығаратын арнайы электрондық ұшу қондырғыларын пайдаланамыз.
Құстар ұшақпен түйіскенде көбіне қозғалтқышқа, қанаттарына, мұрын бөлігіне және фюзеляжға зақым келтіреді. Сол себепті, ұшу айлағы маңынан оларды қашыру аса маңызды. Астана және Алматы қалаларында бұл бойынша бүтін бір орнитология бөлімі жұмыс істейді. Ал өңірдегі шағын әуежайлар қайтпек?
Сая Кургашова, Ұшу қауіпсіздігі инспекциясының бас маманы, орнитология бөлімінің өкілі:
- Егер бөлімдер жоқ болса, оларда арнайы өзінің мамандары бар. Әуежайда айлақ бөлімі деген бөлімше бар. Солардан маман шақырылады.
Орнитологтың сөзінше, жыл сайын әуежай маңына топтасатын құстардың саны көбеймесе, кеміген жоқ. «Сол үшін мамандар ұшу аумағынан олардың қоректену көздерін азайту қажет», - дейді. Бұл мақсатта Бас прокуратура жыл басында еліміздің 7 әуежайының маңынан құстарды еліктіретін 12 заңсыз қоқыс полигонын жойғанын мәлімдеді.
Авторлары: Назым Қайрат, Нұрғали Мамырбаев