Түркістан облысында тамшылатып суарылатын алқап көлемі 82 мың гектарға жетпек

Еліміздің оңтүстігінде су үнемдейтін технологияларды қолдану аясы кеңейіп келеді, деп хабарлайды 24kz

Мәселен Түркістан облысында биыл тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиясымен қамтылған алқап көлемі 82 мың гектарға жетпек. Шаруаларға жаңа технологияны енгізген жағдайда кеткен шығынның 80%-ін мемлекет субсидиялап береді. Мемлекет басшысы Үкіметке бұл бағыттағы жұмыстарды жеделдетуді тапсырды. Қазірдің өзінде отандық ғалымдар өздерінің инновациялық жобаларын ұсынуда.

Шымкенттегі жоғары оқу орындарының бірінде ғалымдар тобы жылжымалы су тазарту кешенін жасап шығарды. Ғылыми зертхана меңгерушісі Әбдіғани Азимов бұл жобаның құнды ресурсты сақтауда негізгі құрал бола алатынына сенімді.

Әбдіғани Азимов, М.Әуезов атындағы оқу ғылыми зертхана меңгерушісі:

- Жаңбырдың суын да, қардың суын да қайтадан пайдалану, өндірістен шыққан суды да қайтадан пайдалану мүмкіндіктері бар. Кәріз құбырындағы суды да қайта дамытып, тазалап, қайтадан өндіріске беретін, сол талапқа жеткізетін технологиялар бар қазіргі күнде. Соны істеуге әрекет жасап жатырмыз.

Ағын судың 70%-ін көрші елден алатын Түркістан облысының шаруалары үшін суару маусымында тіршілік нәрінің алтынмен пара-пар болатыны анық. Сондықтан өңірде шаруаларды қолдап, су үнемдейтін техника шығаратын мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын құрылды. Мұнда жылына 184 мың шақырым тамшылатып суару құбырлары шығарылады. Ол дегеніңіз 9 мың гектар алқапты тамшылатып суаруға жетеді.

Досхан Лесов, «Тұран су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын басшысы:

- Тамшылатып суару технологиясы толықтай өзімізде шығарылады. Оның ішінде фитингтер, магистральдық құбырлар, фивиси шлаг, лайфреттер, немитрлердің барлығы өзімізден шығады. Біз жалпы 3360 шаруаға 106 мың гектар суармалы жерді қамтамасыз ету үшін біз толықтай су үнемдеу технологиясын ендіруді қолға алып жатырмыз. Оған техникамыз да, мамандарымыз да барлығы жеткілікті.

Ал Қазақстан Республикасының су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, Түркістан облысының алдына су үнемдеу технологияларын 216 мың гектарға дейін ұлғайту міндеті қойылған. Соған сәйкес, өткен жылы өңірде 34 мың 400 гектарға тамшылатып және 20 мың 600 гектарға жаңбырлатып суару жүйесі енгізілді.

Дәулетияр Алшынбай, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы, су ресурстары бөлімі басшысының м.а.:

- Өткен жылдың қорытындысымен су үнемдеу технологиясы 55 мың гектарға енгізілді. Биыл тағы да 27 мың гектарға жаңадан су үнемдеу технологиясын енгізіледі. 2024 жылдан бастап су үнемдеу технологияларын енгізуге кеткен шығыстарды 80%-ке дейін субсидиялау қарастырылған.

Бұдан бөлек, өткен жылы өңірде су үнемдеу технологияларын өндіретін жергілікті 3 зауыт ашылды. Жобалық құны 12 млрд теңге болатын кәсіпорындардың жылдық қуаттылығы 73 мың гектар алқапты қамтиды. Жауаптылардың айтуынша, алдағы уақытта осы кәсіпорындар есебінен Түркістан облысымен қатар, көршілес аймақтарды да су үнемдеу технологиясымен қамтуға мүмкіндік тумақ.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат әбіш