Еліміздегі алты әуежай халықаралық әуе хабына айналады

Ел аумағында халықаралық әуе хабын құру үшін 6 әуежай бекітілді.

Олар Астана, Алматы, Шымкент пен Қарағанды әуежайы, сондай-ақ батыс өңірлер таңдап алынды. Алда 5 кезеңнен тұратын кешенді жұмыс күтіп тұр. Бірінші кезекте ұшып-қону жолақтарын жөндеу, жүк тасымалы үшін қосымша қоймалар салу жоспарланған. Бүгін Үкімет отырысында азаматтық авиация саласында қолға алынған шаралар баяндалды.

Қазір қауіпсіздік мәселесі қай салада да өзекті. Әсіресе авиация саласында. Ақтаудағы ұшақ апатынан соң елдегі барлық әуежайлар мен жолаушы тасымалдаушы компаниялар жіті тексеріліп жатыр. Соның нәтижесінде 18 бұзушылықтың дер кезінде беті ашылды. Бұдан бөлек ұшқыштардың дайындығына да талдау жүргізілмек. Ал егер алда-жалда апат бола қалса, себеп-салдарын зерделейтін ұйым құрылады. Ол үшін шетелден білікті мамандарды тарту көзделіп отыр.

Талғат Ластаев, ҚР Көлік вице-министрі:

- Авиациялық оқиғаларды тергеу мәселесіне келетін болсақ, бұл көрсеткіш Қазақстанда 51%-ды құрайды. ИКАО қауіпсіздік бағалауы үшін маңызды 8 критикалық көрсеткіштің бірі болып табылатын бұл параметр ең төменгі деңгейде қалып отыр. Осыған байланысты, ахуалды жақсарту мақсатында, жыл соңына дейін жоғары білікті мамандарды тарта отырып, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген Көлік оқиғаларын тергеу жөніндегі арнайы орталық құру жоспарлануда. 

Былтыр елдегі әуе компаниялары 14 млн 700 мың жолаушы тасымалдаған. Бұл жылдағыдан 11 пайызға көп. Бірақ бұқараның сұранысына сай сапалы қызмет ұсына алды ма? Үкімет басшысы жолаушы тасымалына қатысты сын-пікірлер жиі айтылатытын ескертті. Әсіресе ұшақтардың кестеден кешігіп ұшуы бүгінде қалыпты көрініске айналған. Мәселені шешу үшін жыл сайын әуе кемелерінің паркін жаңғыртылып жатыр. Биыл жыл соңына дейін қосымша 14 ұшақ әкелінеді. Оған қоса, кей әуе айлақтарының жағдайы да көңілді күпті етеді. Былтыр 10 әуежайда жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында авиация саласының дамуына сондай-ақ Қазақстанда халықаралық әуе хабтарын құру мәселесіне ерекше назар аударды. Бұл ретте біз еліміздің ең ірі 6 әуежайы аумағында арнайы экономикалық аймақ ашу турады шешім қабылдап отырмыз. Кендірлі, Зайсан, Қатонқарай курорттық аймақтары айқындалды. Онда жаңа әуежайлардың құрылысы жақында басталады және биыл аяқталуы тиіс.

Енді қарызына байланысты шетелге шыға алмай қалатын қазақстандықтардың мәселесі де шешімін таппақ. Қазір қос министрлік цифрлық жобалардың мүмкіндігін кеңінен пайдалануға көшті.  Яғни, алдымен борышыңыздың бар-жоғына көз жеткізесіз. Болған жағдайда, әп-сәтте банк қосымшалары арқылы төлеуге мүмкіндік беріледі.

Дмитрий Мун, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі:

- Бұрын ел ішінде ұшу кезінде азаматтар төлқұжаттарын ұмытып кеткен жағдайда немесе қандай да бір айыппұлдардың болуына байланысты әуежайларда шетелге шыға алмай, күйзелетін. Мұндай жағдайларға көбінесе азаматтар жеке куәлігі, баланың туу туралы куәлігі немесе заңды өкіліне сенімхаты болмаған жағдайларға тап болатын. Мысалы, әжесі немерелерімен бірге жүрсе.

Бұл бастамалар азаматтық авиацияның адымын ашып, қызмет сапасын түзейді деген үлкен үміт бар. Сондықтан Үкімет басшысы цифрлық технологияларды енгізуді жеделдетуді тапсырды. Халықаралық әуе тасымалы бойынша да жолаушыларды жағымды жаңалық күтеді.

Қазір Қазақстаннан 31 елдің 58 қаласына еш кедергісіз ұшуға болады. Биыл тағы 16 бағыт ашылғалы тұр. Олар Рим, Будапешт, Шанхай, Пусан секілді ірі шаһарлар. Сондай-ақ кей елдерге ұшу құны анағұрлым арзан бола түспек. Себебі алдағы уақытта Қазақстанның әуе нарығына тағы 4 шетелдік лоукостер қосылады. 

Назерке Тоқжан, Арман Ақшабаев