Қазақ елі Дулат Исабековті ақтық сапарға шығарып салды
Бүгін қазақ елі жазушы, драматург, Қазақстанның Еңбек ері Дулат Исабековті ақтық сапарға шығарып салды, деп хабарлайды 24kz.
Қаламгердің жаназа намазы Алматыдағы Жазушылар одағы ғимаратында оқылды. Қара шаңыраққа күллі әдебиет сүйер қауым жиналып, жазушымен қоштасты. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту хатын оқып берді. Қаламгерлер, замандастар мен өзге де өнер майталмандары Дулат Исабековтің адамгершілігі мен әдебиеттегі сүбелі еңбегі туралы сөз етті. Классик жазушы тың тақырыптың тарланы еді. Оның «Гауһартас», «Қарғын», «Ескі үйдегі жаңғырық» сынды еңбектері оқырманның қайталап оқитын сүйікті шығармасына айналып, ағылшын, немiс, чех, венгр, болгар, қытай, түрiк, өзбек тілдеріне аударылды. Ал, пьесалары тек қазақ жерінде ғана емес, шетел театрларында да қойылып келеді. Драматург 30-ға жуық пьесаның авторы. 83 жасқа қараған шағында көз жұмған жазушы, Кеңсай зиратына жерленді.
Ерлан Қарин, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі:
- Мен үнемі айтамын, қазақтың уайымы көп, бірақ тілегі бір – ол елдің бірлігі мен ынтымағы. Қазақтың бірлігінің ұйытқысы – зиялы қауымы, ал оның өзегі – ақын-жазушылары. Сондықтан әрқашан ұлттық бірліктің үлгісі болып, ортамызда аман жүре беріңіздер.
Төлен Әбдік, жазушы, драматург:
- Мен Дулаттың жазушы ретінде ешқашанда өлмейтінін жақсы білемін. Бірақ менің ең жақын досым өмірдің қызығын да бірге көрген, қол ұстасып, әдебиетке бірге келген жан досым бұл өмірде жоқ енді. Сол жаныма батады. Қош айналайын, қадірлі досым Дулат!