Жамбыл облысында қант қызылшасының көлемі екі есе азаюы мүмкін

Жамбыл облысында қант қызылшасының көлемі екі есе азаюы мүмкін

Жамбыл облысында биыл қант қызылшасының өнімі екі есе азаюы мүмкін, деп хабарлайды 24kz.

Бұл жағдай аймақтағы тәтті түбірді өңдейтін жалғыз Меркі қант зауыты қуаттылығының жеткіліксіздігіне байланысты туындап отыр. Өңір билігі диқандарға лимит енгізуді жоспарлаған, ал бұған келіспеген шаруалар Тараз қант зауытының қызылша өнімін қабылдауын талап етуде. Мәселе қашан шешіледі?

Мерей Бает, тілші:

- Былтыр жамбылдық шаруалар 11 мың гектардан аса аумаққа қант қызылшасын екті. Нәтижесінде 650 мың тоннадан аса рекордтық мөлшерде өнім алған. Бірақ Меркі қант зауыты оның 400 мың тоннасын ғана қабылдады. Қалған 100 мың тоннасын диқандар Жетісудағы Ақсу қант зауыты мен Қырғызстанға апарып әлек болған. Сол мәселе қайталанбауы үшін шаруалар Тараз қант зауыты тәтті түбір қабылдаса дейді.

Ерғали Асанқұлов, шаруа:

- Тараз қант зауыты іске қосылса, Меркі қант зауытының ауыртпашылығы азаяр еді. Содан кейін мынау шаруаларға лимит қойып тастады. Сіз 10 тонна ексеңіз, 50 тоннадан 500 тонна өткізуіңіз керек деп. Ал мен мың тонна алсам, қалған 500 тоннасын қайда жіберем? Өткізетін жер жоқ.

Саха Манатов, облыстық қызылша өсірушілер қауымдастығының төрағасы:

- Екі-ақ міндет болып тұр. Немесе осы 2025 жылы жүргізеді зауытты. Сөйтіп, фермерлерден қант қызылшасын қабылдайды немесе екінші мәселе Үкімет өзі сатып алуы керек. Себебі қант қызылшасы зауыттары бұл стратегиялық объектілерге жатады. Бұл әлеуметтік маңызы бар тауар. Сол үшін Үкімет қолына алу керек. Үкімет ақша бөліп, зауытты жүргізу керек, біздің шаруаларға жұмыс беру керек. 

Жамбыл облысында 357 шаруашылық қант қызылшасын егеді. Олар биыл да 600 мың тонна өнім алса, тура былтырғыдай жағдай қайталанбақ. Сондықтан жауаптылар егістік көлемін екі есе қысқартып, өнім егуге лимит қоймақ. Сөйтіп, максималды 300 мың тонна тәтті түбірді Меркі қант зауытында өңдемек.

Қайрат Көшенов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Егер де бұл зауыт қосылмайтын болса, сол 300 мың тоннаны барлық шаруаларға бөліп, лимит қылып беріп, солай ғана биыл 2025 жылы проблеманы шешуге тырысамыз.

Мұндай шешімге шаруалардың келіскісі жоқ. Себебі алған несие мен техникасының ақысын ай сайын төлеуі қажет. Сондықтан диқандар: «2021 жылға дейін қант қызышасын қабылдап келген Тараз зауыты қайта қосылса», - дейді. Ал кәсіпорын қазір тек қант құрағын өңдеуде. Тәтті түбірді өңдеу желісін жаңғырту үшін құрылғыларын шетелден тапсырыс беріпті. «Дегенмен, биыл жөндеу жұмыстарын аяқтап үлгермейміз», - дейді зауыт өкілдері.

Қанат Алиев, Тараз қант зауыты бақылау кеңесінің мүшесі:

- Құрылғылар мұнда 25 жылдан бері тұр. Оның бәрі ескірген, ревизия жасап зерделедік. Қай жерге қандай құрылғы қажет екенін біліп отырмыз. Қазір сіздер 100 мың тонна қабылда дейсіздер, 10 тонна болса да бәрібір желіні толықтай жөндеу керек. Ал оны 2025 жылы оны жөндеп үлгере алмаймыз.

Зауыт басшылығының пікірінше, қайта жаңғырту жұмыстары 2026 жылы аяқталады. Одан соң ғана қант қызылшасын қабылдайды. Сондықтан диқандардың егістік көлемін азайтудан басқа амалы жоқ болып тұр.

Авторлары: Мерей Бает Бақытжан Бапаев Елдар Байділдә