ШҚО-да 70-тен аса ветеринар жетіспейді
Жан-жануарға қамқорлық таныту да – мейімділіктің бір парасы. Шығыс Қазақстан облысында 70-тен аса ветеринар жетіспейді. Жастар ауылға баруға құлықсыз. Салада шешімін таппаған мәселе көп. Мысалы, ұзақ жылдан бері еңбек етіп жүрген мамандар шалғайдағы ауылдарға өз көлігімен қатынап жүр.
Глубоковский ауданындағы ветеринарлардың жұмысы қауырт. Тұрғындардан түсетін қоңырау көп. 14 маман бір-бірінен шалғай орналасқан 17 ауылдық округті аралап үлгеруі тиіс. Анна Волкова шұғыл шақыртуға өз көлігімен барып, ірі қараға операция жасады.
Анна Волкова, ветеринар:
- Сиыр түнде бұзаулаған. Шамамен 10-12 сағат бұрын. Операция жасап, ірі қараны аман алып қалдық. Мал төлдету науқанында мұндай жағдайлар болып тұрады.
Бір ай бойы тынымсыз жұмыс істеп, үй жануарларын емдегені үшін ветеринарға 200 мың теңге төленеді. Салаға жастардың келмейтін себебі де сол. Қазір мұнда мамандығының шын жанашырлары ғана еңбек етіп жүр. Көбі – зейнет жасына жақындағандар. Біразы шаруашылықтарға атпен де барады.
Сергей Логинов, ветеринар:
- Сандықтас қыстағы таулы аймақта орналасқан. Сондықтан тастары көп. Көлікпен жете алмаған соң осылай атпен баруға тура келеді.
Жауаптылар: «Ветеринария саласындағы өзекті мәселені биыл шешеміз», – деп отыр.
Рамиль Сағандықов, облыстық ветеринария басқармасының басшысы:
- 125 дана техника алу. Ветеринарларға инсинераторлар алайық деп отырмыз. Жүк көліктерін, «дезинфекционный установкаларды» алайық деп отырмыз. Сонымен қатар ветеринарлардың еңбекақысын 15%-ке көтерейік деп отырмыз.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасымен аймаққа келген әрбір жасқа үй беру де қарастырылып отыр. Республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінетін 2 млрд теңгеге ветеринарлық пункттердегі құрал-жабдықтарды жаңарту жоспарланған.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин