Қазақстанға 12 мыңнан аса жылқы әкелінді
Қазақтың төрт түлігіне ала топылы ағайын қызығып отыр, деп хабарлайды 24KZ. Былтыр өзбекстандықтар біздің елден 14 мың бас жылқы, 75 мың ірі қара, 41 мың ұсақ мал сатып алған. Ал шетелден Қазақстанға келген мал саны бұдан 5 есе аз.
Бұл Нұржігіт Табылдиевтың баптауындағы Зымыранның ел чемпионы болған сәті. 1,5 жасында Францияның Довиль қаласынан әкелінген тұлпар осымен екінші мәрте ішкі біріншілікте топ жарды. Елорда төрінде өткен Көшпенділер ойындарында күміс жүлдені місе тұтқаны тағы бар. Бұл Нұржігіттің шетелден келген алғашқы жүйрігі емес. Атбегі осыған дейін 100-ге тарта тұлпарды Қазақстанға жеткізген.
Нұржігіт Табылдиев, атбегі:
- Былтырғы жылы 16 бастай алғам. Келгенен кейін 11-і сатылып кетті. Қалғаны өзімде қалды. Ат алып келу өте қиын негізі. Өзің барып таңдап, бір ай карантині болады, құжаттарын жасаймыз. Бұрын бір ат алып келу 3 мың долларға айналатын, қазір 5,5 мың долларға айналады.
Иә, елге әкелініп жатқан тұлпарлар аз емес. Мәселен, былтыр Қазақстан топырағын 12 мың бас жылқы басқан. Оның 9100-і Ресей, 2 мыңға жуығы Әзірбайжан, 800-і Қырғызстаннан әкелінді. Бірақ олардың қандай мақсатқа келгені жайлы ақпар жоқ. Ал елден 14 мыңнан аса жылқы шетелге экспортталды. Оның 90%-і Өзбекстанға кетті. Иә, ала топылы ағайын Зеңгі баба тұқымына да көз салып отыр. Былтыр 93 мыңға жуық ірі қара экспортталса, оның 75 мыңы осы елге кеткен. Ал қалғаны Тәжікстан мен Әзірбайжанға жіберілді.
Бағлан Аймырзаев, ҚР АШМ Мал шаруашылығы департаменті директорының орынбасары:
- Елде 7,8 млн ірі қара бар. Осы малдың ішінде сыртқа экспортталатын малдың көлемін мемлекет арнайылап белгілеп қояды. Белгілі бір бөлігі елде қалу керек. 7,8 млн-ның ішінде сыртқа шығарылуы тиіс 85 мың ғана. Квотамен арнайылап белгіленген. Ал аналық ірі қараға мүлде шектеу қойылған.
Ұсақ мал экспортынан да Өзбекстан көш бастап тұр. Былтыр 47 мыңнан аса қой шетелге экспортталды. Оның 41 мыңнан астамын ала топылы ағайын сатып алған. Ал елге тек 500 бас қой келді.