Ақтөбелік зейнеткер 30 жылдан бері бекіре өсірумен айналысып келеді

Саналы ғұмырын балық пен су шаруашылығына арнаған Қали Исмайылов – Ақтөбе өңірінің балық өсіру ісіндегі тәжірибелі маманы.

Ол зейнетке шыққанына қарамастан, еңбектен қол үзбей, өз ісін жалғастырып келеді. Оның басшылығымен жұмыс істейтін шаруашылық – өңірдегі жалғыз тауарлы-тоғанды балық өсіретін мекеме. Мұнда бекіре балығы уылдырықтан бастап жетілдіріліп, нарыққа шығарылады.

Қали Исмаиловтың Қарғалы өзеннің бойында тоған тұрғызып, тауарлы балық ұстағанына 30 жылдан асты. Бастапқыда тұқы ғана болса, кейін асыл тұқымды балықтарды бағуға да машықтанған. Қазір беркіренің бірнеше түрі бар. Тіпті аналығын сауып, уылдырықтан шабаққа дейін өсіреді. Су жәндіктері Ақтөбенің ауа райына әбден үйренген.

Қали Исмайылов, зейнеткер:

- 1-2 күннен кейін бекірені қыстақтарына көшіреміз. Қазір олар жас шамасы мен тұқымына қарай бірнеше тоғанда. Қыстақтарға да аналыған бөлек, шабақтарын бөлек жібереміз. Алты ай қысты терең тоғандарда өткізеді.

Қали Құлтайұлы: «Бекіре бағуға ниет білдірушілер көп болғанымен машақаты мол іске бел шеше кірісетіндер некен-саяқ», - дейді. Себебі бұл балық ең баяу өсетін су жәндігінің бірі. Жылына шамамен 1 келі салмақ қосады. Ал, майшабақтарын мынадай жабық цехтарда өсірген абзал.

Самат Жұмағалиев, шаруа қожалығының қызметкері:

- Қали аға күніне 2-3 рет келіп, балықтардың жай күйін қарап кетеді. Ауырған немесе әлсіз балықтарды бірден байқайды. Оларды іріктеп, арнайы инкубациялық бассейнге орналастырамыз. Азығына дәрумендер қосып, дерә-дәрмек егеміз. Мұның барлығын Қали ағаның өзі бақылап, ақыл-кеңесін айтып жүреді.

Ата жолын немерелері жалғаған. Момынжан мен Жаслан есімді екі немересі өңірде сирек кездесетін мамандықты игерген. Олар – ихтиологтар.

Қали Исмайылов, зейнеткер:

- Екі немеремді балық шаруашылығы институтына жетектеп апарып түсірдім. Екеуі де оқу озаты атанып, қазір білікті маман. Үлкен немерем Грузияда. Сол елде бекіре балығын өсіруге үлес қосып жүр.

Балықтың бағалы түрін бағатын Қали Исмаилов: «Елдің байлығы – еңбек адамы»,- дейді. Мемлекеттің дамуына қарыштап үлес қосатын да сол қарапайым еңбек адамы екеніне сенімді. Бұл орайда өскелең ұрпаққа, бірінші кезекте өз немерелеріне адал еңбек етуді үйретіп, үлгі көрсетіп келеді.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков