Абай облысында ауданаралық жолдар жөнделіп жатыр
Биыл Абай облысында аудандық маңыздағы 114 шақырым жолды жаңғырту жоспарланса, бүгінде жұмыстың 70 пайызы орындалды.
Қалған учаскелерде құрылыс қарқынды. Ауданаралық жолдарды жөндеуге облыс бюджетінен 5 млрд теңге бөлінді. Мысалы, Ақсуат ауданындағы 5 ауылдың жолдарына асфальт жабыны төселеді. Одан бөлек Тебіске өзенінің үстінен өтетін көпір жаңартылады. Бұл мақсатқа шамамен 890 млн теңге жұмсалады. Өңірде 118 өткел болса, 29-ы әбден тозған. Арнайы жұмыс тобы құрылып, көпірлердің техникалық жағдайы тексеріледі. Бұл жұмыстар келесі жылға жоспарланды.
Ерлан Мекетаев, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:
- Қаупі бар көпірлерді анықтау үшін диагностика жасалу керек. Заңға сәйкес ертеңгі күні қарастыру маңызды. Келесі жылға біз бюджеттен өтінімдер беріп отырмыз. Диагностика жасалған жағдайда біз көпірлердің қандай қауіп қатерде тұрғанын анықтай аламыз. Қазіргі таңда жұмыстар атқарылып, сапасын тексеру жұмыстары жүргізілуде.