Ақмола облысында 16 ауылға су тартылды
Ақмола облысында 16 ауылға су тартылды. Жыл соңына дейін бұл тізімге тағы 20 елді мекен қосылады.
Осылайша, биыл аймақта 18 мың адам сапалы ауызсумен қамтылады. Құрылыс жұмыстарына ел қазынасынан 36 млрд теңге бөлініп отыр.
Бурабай ауданына қарасты Шиелі ауылының тұрғындары бүгінге дейін ауыз суды осы құдықтан пайдаланып келген. «Кей кездері оның істен шығуы су жеткізілуіне әсер етітін»,-дейді тұрғындар.
Зура Бекбасарова, Шиелі ауылының тұрғыны:
- Қысы-жазы есік құдыққа дейін қара қар болады. Кейде жол болмай қалады. Сонда балалар қол шанамен, бес литрлікті бір-біріне байлап алып, солай тасып жүрді. Біраз қиындық көрдік.
Биыл жергілікті халықтың көп жылғы қиыншылығы артта қалып, көптен күткен арманы орындалды. Өйткені ауылдағы 200-ге жуық тұрғын толығымен орталықтандырылған су жүйесіне қосылды.
Роза Жүнісова, Шиелі ауылының тұрғыны:
- Бұрынғыдай құдықтан су әкелмейміз. Суды далаға төкпейміз. Бәрі үйде. Жылу су. Судың сапасы жұмсақ. Шәйнектің ішіне қақ тұрмайды бұрынғындай. Енді арасында жуып қоямыз. Өте жұмсақ су. Дәмді.
Жалпы биыл бурабайлықтарды ауызсумен қамтамасыз етуге 4 млрд теңге бөлінген. Нәтижесінде 11 ауылға су тартылды.
Дәнекер Қабиден, Бурабай аудандық құрылыс бөлімі басшысының м.а:
- 5 елді мекенде ескірген құбырлар толығымен ауыстырылды. Ал 6 ауылға жаңа су құбыры салынды. Осылайша, шамамен 5 мыңға жуық тұрғын сапалы ауызсумен қамтылды. Жалпы аудан бойынша 337 шақырым су құбыры жаңартылды.
Қазір облыс тұрғындарының 99 пайызы сапалы ауызсумен қамтылған. Жергілікті билік өкілдері жыл соңына дейін өңірдегі су мәселесін түбегейлі шешуге сенім білдіріп отыр.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный