Шымкент әуежайында ұшу-қону жолағы салынып жатыр
Президент тапсырмасынан кейін құны 40 млрд теңгеден асатын ауқымды жоба қолға алынды. Әуе айлағының жаңғыртылған инфрақұрылымы болашақта ұшақтың кез келген түрін қабылдай алады.
Қалада ірі логистикалық хаб ашуға да мүмкіндік бар - дейді мамандар. Ұшу-қону жолағының құрылысына дайындық қарқынды басталды. Қазір алаң қоршалып, электр желілері тартылды. Бұл жоба әуе айлағының ғана емес, қаланың елдің көлік картасындағы рөлін түбегейлі өзгертеді.
Қуаныш Әлмұхамбетов, жоба жетекшісі:
- Қазір ұшып-қону жолағын салуға дайындық жүріп жатыр. Әуежайды пайдаланушы ұйымнан және Қазақстанның авиациялық әкімшілігінен рұқсат алып жатырмыз. Содан соң әуежайдың аумағында жұмысқа кірісеміз.
Жаңа ұшу-қону жолағының ұзындығы 3 шақырым, ені 75 метр. Кез келген әуе көлігін қабылдауға мүмкіндік бар. Болашақ логистикалық хабпен ұштасып, сауда-логистикалық орталық және жүк тасымалын оңтайландыру мақсатында теміржолмен де байланыстырылады.
Өмір Қалыбаев, Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:
- Ауа райының қолайсыз мезгілдерінде арнайы свето-диодтардың, датчиктердің көмегімен қону дәлдігі жоғары болады. Сондықтан біз бұл жұмыстарды бастап кеттік. Жол жамылғысы бетонды қабатты болады. Яғни монолитті бетон болады. Оған ауыр салмақты ұшақтар да қона беретін болады. Алдағы уақытта бұл аэропорт мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Жаңа жолақ тұрғын үйлерден қашық орналасады. Бұл авиациялық әкімшіліктің басты талабы. Қолданыстағы жолақ үйлерге тым жақын еді. Сондықтан бұған дейін әуе көліктеріне тұрғын үй алабына қарай ұшуға тиым салынған болатын.
Жергілікті билік жаңа жоба шаһардың экономикалық әлеуетін артырарына сенімді. Бизнес пен халықаралық сауда, жаңа әуе бағыттарын ашуға жасалған қадам болмақ, - дейді мамандар.
Авторлары: Катерина Попкова, Нурмахан Бекмуратов, Нурмахан Мусатов