Алматыда жасыл желектердің паспорты жаңартылады
Алматының жасыл желектерін санап, паспортын жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл қаланың 5 ауданындағы ағаштар тізімделіп, санитарлық сипаттамасы жасалады.
Мамамандар көше бойындағы, саябақтар мен сквердегі қарағаш, қайың, шырша, терек сынды барлық жасыл желектің картасын жаңарту үшін заманауи дронды пайдаланады.
Қаладағы жасыл желекті паспорттау жұмысы Аграрлық университеттің мамандарына тапсырылған. Олар биыл 5 аудандағы 3 миллионға жуық ағаш түрін электронды картаға түсіреді. Бірінші кезекте арнайы дрон арқылы барлық жасыл желек қашықтан зондталады. Осы арқылы ескі карта жаңартылып, әр ағаштың жағдайы анықталады.
Талғат Кертешов, жоба жетекшісі:
- Санитарлық жағдайдың 5 категориясы бар. Сол әрбір категориялар бойынша қазіргі кезде әлсіреген, содан кейін апатқа ұшырауға жақын тұрған ағаштарға өте көп көңіл бөлеміз. Сол көңіл бөліп, соған реестр деген құрылғы арқылы жасы келген ағаштардың ішіндегі шіріктерінің шамасын анықтау өте маңызды болып табылады.
Әрмен қарай әуеден зондталған жасыл желектердің түрі, жасы және шіру деңгейі электронды паспортқа жазылады. Ол үшін 80-ге жуық қызметкер жұмылдырылған. Әр ағаштың жағдайы туралы мәлімет жинақталған соң электронды реестрға жүктеледі. Былтыр 3 аудандағы 1,5 млн ағаш тізімделіп, құжаты жаңартылған.
Дәулет Бақытжанов, Экология және қоршаған орта басқармасының бас маманы:
- Бұл жобаның аясында жасыл желектерді күтіп-ұстау бойынша кеңестер берілетін болады. Жасыл желектермен қандай жұмыстар жүргізу керек екендігі, апатты, қауіпті ағаштарды анықтау бойынша жұмыстар. Оларды қалай кесу керек екендігі немесе ауыратын ағаштар болса, ол емдік шаралары бойынша санитарлық және қырқу жұмыстары бойынша әрбір жеке ағашқа мағлұмат берілетін болады.
Алматының жасыл желегін түгендеу жұмысы әр 5 жыл сайын жүргізіледі. Соңғы рет 2018-2019 жылдары 4,3 млн ағаштың паспорты жаңартылыпты. Нәтижесінде 84 мың шіріген ағаш анықталған. Соның соңғы 27 мыңы биыл кесіледі екен.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев