Абай облысында 20 адам қар құрсауынан құтқарылды

Абай облысында ақтүтек боран салдарынан жолда қалған 20 адам құтқарылды. Мамандар жеті жеңіл көлік пен бір жүк көлігін қар құрсауынан шығарды. 

Жолдың жабылғаны туралы ескертуді елемей, жолға шығып кеткендер «Қалбатау-Аягөз» тасжолының Жаңғызтөбе ауылы маңында қалып қойған. Боранға байланысты бүгін Қалбатау-Бұғаз, Қалбатау-Өскемен және Қалбатау-Аягөз бағыттарындағы республикалық маңызы бар автожолдар уақытша жабылды. Синоптиктердің болжамынша, өңірде алдағы күндері де ауа райы құбылып тұрады. Осыған байланысты мамандар тұрғындарды алыс жолға шықпауға және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.

Алмат Шойынбаев, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Абай облыстық филиалы басшысының орынбасары:

- 9-11 ақпан аралығында ауа райының күрт өзгеруін хабардар етеді. Қар аралас жаңбыр жауып, желдің ұйтқуы күтілуде. Осыған байланысты жол пайдаланушылардан алыс жолға шықпауларын өтінеміз.