ШҚО-да өрт жиілеп кетті

Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 10 адам өрттен көз жұмды. Ыс тиген алты адам дер кезінде құтқарылды. 

Бір айда 116 рет өрт болған. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жеке секторда өрттің көбейіп кеткеніне алаңдап отыр. 

Мамандардың айтуынша, өртің көбеюіне тұрғындардың салғырттығы себеп. Әсіресе жеке тұрғын үйлерде жиілеп кетті. Тексеріс нәтижесі көрсеткендей, әрбір үшінші пеш техникалық талапқа сай емес. «Жыл басынан бері төтеншеліктер мыңдаған үйді тексеріп шыққан. Кемшілік көп», - дейді олар.

Медет Мұқашев , облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары:

- Жыл басынан бері 80 мыңнан астам тұрғын үй секторындағы үйлерді аралау және адамдарға өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Халықпен 245 жиналыс өткіздік. Жеті мыңнан астам адам қамтылған болатын. Департамент тарапынан әлеуметтік осал топтағы үйлер ерекше назарға алынуда. Бүгінгі таңда есепте 2763 үй бар.

Электр сымдарындағы ақаулық та қауіп төндіріп отыр. Облыстағы электр желілерінің 84 пайызы тозған. Ал қосалқы станцияларға түсетін жүктеме шамадан тыс. Кернеу тұрақсыз болғаннан кейін, жабдықтар істен шығып, тіпті жарылуы да мүмкін. Былтыр жыл соңында сондай оқиға болды. Сондықтан Өскемендегі ескі қосалқы станциялар мен кабель желілерін жаңғырту жоспарланып отыр. 

Рашид Шерубаев, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:

- 28-ші шағынауданда төтенше жағдай тіркелді. Осыған байланысты аталған шағынауданды электр энергиясымен қамтамасыз ететін резервтік кабель желісі тартылды. Бұл жұмыстар былтыр желтоқсан айында толық аяқталды. Қазіргі таңда 16-шы шағынауданда жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.

Өңірде жылыту маусымы әлі екі-үш айға созылады. Осыған байланысты құтқарушылар жеке тұрғын үй секторын аралап,түсіндіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. «Бірінші кезекте аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың үйіндегі пеш пен электр желілерін жөндеу қажет», - дейді мамандар 

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин, Жігер Бабақанов