Ұлытау облысында 133 заңсыз қоқыс үйіндісі тіркелді
Ұлытау облысында жалпы саны 133 рұқсат етілмеген қоқыс алаңы анықталған. Қазіргі таңда соның тек 70-тен астамы жойылды. Яғни бұл атқарылатын жұмыстың жартысы ғана.
Ғарыштық мониторинг нәтижесінде тек Жезқазғанның өзінде 126 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталып отыр. Оның басым бөлігі саяжай аумағы мен жеке секторлардың маңында шоғырланған. Бекболатсай ықшам ауданының тұрғындары мұндай көрініске әбден көз үйренгенін айтады.
Сапар Өтепбергенов, Жезқазған қаласының тұрғыны:
- Қаладан көліктер келіп аударып кетеді. Оның қайсыбірін қарап жатамыз. Шағым жасап жатқандар бар. Мен өз басым жасаған жоқ. Әкеліп төгіп кетеді. Кейде өртеп кетеді. Көбінесе жазда келіп лақтырады. Қазір құрылыс жоқ қой бәлендей. Бетон болмаса жаңағыдай ағаш сынықтарын үйіп кетеді.
Қаланың шетін былай қойғанда, орталықтағы жағдай да мәз емес. Жезқазғанның басты көшесі Алашахан даңғылындағы 28-ші үйдің ауласындағы қазіргі көрініс мынадай.
Нұрханым Көкентайқызы, Жезқазған қаласының тұрғыны:
- Қысы-жаза бітпейтін қоқыс. Көктемде осының барлығын тазалайтын бригада келеді, бір-екі аптадан кейін осы 28-ші үйдің адамдары қоқыс тастайды. Айттық, аңдыдық, камера да қойдық. Камера көмектеспейді.
Экологтар мәселенің тек тазалау жұмыстарына ғана тірелмейтінін айтады. Олардың пікірінше, жергілікті әкімдік тұрғындар арасында қоқыс тастаудың мәдениетін қалыптастыру бағытында жүйелі жұмысты күшейтуі қажет. Кейбір жауапты тұлғалар жүктелген міндетті уақытылы орындамаған. Осыған байланысты бірқатар маманға әкімшілік айыппұл да салынған.
Шабдан Тынымбаев, Экология департаменті басшысының орынбасары:
- Ұлытау облысы бойынша 133 нүкте белгіленген болатын. Оның 7-і Сәтбаев қаласына тиесілі. Қалған 126-сы Жезқазған қаласына тиесілі. Бүгінгі таңда Сәтбаев қаласында 7 нүкте толық жойылды. Жезқазған қаласы бойынша 126 нүктеден жылдың аяғына дейін 65 нүкте жойылып, 61 нүктесі қалып отыр. Жалпы айтқанда 2025 жылы белгіленген қоқыстардың 50 пайызы ғана орындалып отыр.
Әкімдіктегі коммуналдық салаға жауапты мамандар «Заңсыз қоқыс үйіндісінің бірін жойсақ, екіншісі пайда болады», дейді. Сондықтан, полициямен бірлескен рейдтік жұмыстар күшейтілген.
Әділ Темоханов, қалалық ТКШ бөлімінің маманы:
- Өткен жылы бұл жұмыстарға бөлінген қаражат сомасы 27 млн теңгеге жуық. Биыл бұл жұмыстар әлі де жалғасады. Жылдың соңына дейін қалған рұқсат етілмеген қоқыс алаңдарын толық жоятын боламыз. Бүкіл жағдайды бір уақытта анықтау мүмкін емес. Сондықтан тұрғындар тарапынан рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс тастамай, арнайы белгіленген жерлерге тастаса.
«Рұқсатсыз тасталған қоқыс алаңдарын анықтау мен жоюда тұрғындардың көмегі көп»,- дейді экологтар. Ол үшін жауапты мекемелердің есігін қағып, табалдырығын тоздыру қажет емес. Экология министрлігінің бастамасымен ашылған «ТазаҚазБот» сандық платформасына өтінім жіберсе жеткілікті. Оған кез келген тұрғын қала тазалығынан бөлек жол жөндеу мен көгалдандыруға қатысты мәселені жолдай алады. Дегенмен тұрғындар мұндай қызметтен көбінесе бейхабар. Себебі бір жарым жыл ішінде онлайн платформаға небәрі 261 өтінім түскен.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрлан Исмаилов, Нұрбол Үздікбаев