ШҚО-да денсаулық сақтау және білім саласында маман тапшы
Қазір шалғай ауылдардың әкімдері жұмыс іздеген жас мамандарды өзге өңірлерден шақыртып жатыр.
Мысалы, Самар ауданына Павлодардан эндокринолог келді. Бұрын тұрғындар дәрігерге қаралу үшін облыс орталығына баратын. Самар ауданында 427 адам қант диабетімен есепте тұр. Ал ауылда эндокринолог жоқ. Аудан әкімі әлеуметтік желі арқылы білікті дәрігерді өзі іздей бастапты. Павлодарлық маман Жалғас Әбідсейтті тауып, жұмысқа шақырады. Осылайша, аудандық ауруханада халық көптен күткен кабинет ашылды.
Жалғас Әбдісейіт, эндокринолог:
- Жазған болатын аудан әкімі ретінде сізді өз ауданымызға шақырамыз. Бізге дәрігер жетіспейді. Басында фейк шығар деп ойладым. Сөйтсем жоқ, парақшасына кірсем Самар ауданының әкімі екен. Отбасым бар, балам бар. Бірден екі бөлмелі пәтер берілді.
Ал аудандағы мектептерге бірден 20 мұғалім келді. Бұл рекордтық көрсеткіш-дейді сала басшылары. Аймарал Мәдепбергенқызы Өскеменен келген. Аз уақыт ішінде ұжымға үйреніп кетіпті. 100АЕК көлемінде бірреттік жәрдемақы алып, енді «Дипломмен ауылға бағдарламасы» бойынша баспана кезегінде тұр.
Аймарал Мәдепбергенқызы, химия пәнінің мұғалімі:
- Пеш жағу керек болды. Бұл жақта суық, жер үйде тұру басында қиын болды. Бірақ одан кейін мені қалдырған ол менің жұмысым. Себебі мен кабинетке кіргенде балалар Аймарал апай деп, көздері жанып, өз жұмысымның нәтижесін көрдім. Шынымды айтсам оқушыларым мені осында алып қалды десем болады.
Жас мамандар талпынысы қуантқанмен, олардың бәрін баспанамен бірден қамту мүмкін емес. Сондықтан аудан әкімдігі 30 жыл бойы қаңырап тұрған қосқабатты тұрғынүйлерді жаңғыртып жатыр.
Серік Жеңісов, Самар ауданының әкімі:
- Жиырма шақты үй болған. Соның бәрін қазір қалпына келтіріп жатырмыз. Жөндеу жұмыстары жасалып болған соң жас мамандарға тек қана мұғалімдерге емес, мемлекеттік қызметкерлерге бергелі жатырмыз.
Облыста әлі де кадр тапшылығы мәселесі бар. 132 дәрігер, 100-ден аса мұғалім жетіспейді. Әсіресе «Дипломмен ауылға бағдарламасына» ілікпейтін қалаларда бұл мәселе өзекті. Сондықтан бұл бағытта облыстық бюджеттен жас қызметкерлерге 1-5 млн теңге аралығында «көтермеақы тағайындау» туралы шешім қабылданды.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов