Қарағанды облысында коалиция мүшелері тұрғындармен кездесті

«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты жалпыұлттық коалиция мүшелері Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың жетекшілігімен Қарағанды облысының тұрғындарымен кездесті.

Түсіндіру тобы Ата заңға енетін өзгерістер жайлы жұртпен пікір алмасты. Жаңа Конституция нормалары жөніндегі талқылау өңір жұртшылығымен және Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдерімен кездесуден басталды. Достық үйінде қоғам қайраткерлері, этномәдени бірлестік өкілдері, мәслихат депутаттарынан құралған 200-ге тарта адам жиналды. Жиында билік тармақтарын жаңарту, қоғамдық келісім институттарын трансформациялау және Халық кеңесін құру сынды мәселелер көтерілді. Мәжіліс төрағасы жаңа Конституция қоғамды әділдік, заңдылық және тең мүмкіндіктер қағидаттары негізінде біріктіретінін атап өтті. Коалиция мүшелері Ассамблеяның этносаралық келісімді нығайтудағы рөлін ерекше атап өтіп, жаңа институт халық бірлігін күшейтуге бағытталатынын айтты. Ассамблея төрағасының орынбасары Марат Әзілхановтың айтуынша, құжат «біз әртүрліміз, бірақ теңбіз» қағидатын бекітіп, этносына немесе өңіріне қарамастан барша азаматтардың мүмкіндіктерінің теңдігіне кепілдік береді. Евней Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университеті базасында өткен шараға 500-ге жуық студент пен оқытушы қатысты. Ал, шахтерлер мен металлургтер «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидасын қолдайтынын атап өтті. Зиялы қауым өкілдерімен диалог барысында мәдени мұраны сақтау мен шығармашылық саланы қолдау сынды тақырыптар қаузалды. 

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Тәуелсіздікті сақтау мен нығайту жолындағы басты міндет – мемлекетіміздің ішкі тұрақтылығын және тұтастығын қамтамасыз ету. Бұл мәселе жаңа Ата заң жобасында нақты көрсетілген. Онда билік институттарының құзыреттері мен функциялары айқын әрі нақты белгіленіп, олардың арасындағы теңгерім толық сақталған. Жаңа Конституцияға сәйкес, Қазақстанда Президенттік басқару формасы сақталады. Мемлекет басшысы Конституцияның кепілі болып, мемлекеттік аппараттың үздіксіз, үйлесімді әрі жүйелі жұмысын қамтамасыз етеді.

Наталия Еременко, Қарағанды облысы Т.Г.Шевченко атындағы «Рідне слово» украин тілі қоғамдық бірлестігінің басшысы:

- Жаңа Конституцияда өзіме тиесілі бұл - азаматтардың құқықтарын қорғау. Отбасы институтының өсуі. Өз басыма тиесілі бұл әрине, адам және азаматтардың құқықтарын бірінші орынға қою. Өзге этностарға бір ұлт ретінде қарау. Жауапкершілікті мойнымызға артуымыз.