Жезқазғанда 23 тұрғын үйдің тозығы жеткен

Жезқазғанда тұрғын үйлердің үштен бірі тозған. 70 жыл бұрын ағаштан салынған үйлер апатты жағдайда тұр.

Жергілікті билік ескі үйлерді сүріп, орнына жаңасын салғысы келеді. Бірақ реновация бағдарламасын жүзеге асыру  барысы баяу. Арнайы комиссия қаладағы 23 тұрғын үйді апатты деп таныды. Ол үйлердің  біразында әлі күнге адамдар тұрып жатыр.

Биыл Жезқазғанның қала мәртебесін алғанына 72 жыл толады. Мына үйлер қаламен қатар жасап келе жатыр. осыдан 6 жыл бұрын апатты деп танылған. Дегенмен, іргетасы шөгіп, қабырғасы сөгіліп кеткен үйлерде әлі күнге дейін адамдар тұрып жатыр. Абай көшесіндегі 51-ші үйдің тұрғыны Наталья Володина  күн өткен сайын қауіп күшейіп келді дейді. Екі қабатты ағаш үй бірнеше жыл бұрын арнайы комиссияның шешімімен тұруға жарамсыз деп танылған.

Наталья Володина, қала тұрғыны:

 - Әсіресе түнгі мезгілде қорқынышты. Еденнің сықырынан-ақ үйдің шөгіп бара жатқанын байқауға болады. Қолымыздан келгенше жөндеу жасауға тырысамыз. Бірақ нәтиже жоқ. Ағаш үй ғой. Әбден шіріген.

Бұл көшенің бойында құлағалы тұрған тағы бірнеше үй бар. Үйінді астында қалудан қорыққан тұрғындардың көбі баспанасын тастап, пәтер жалдап кеткен.   

Олег Прудковский, қала тұрғыны:

 - Бұл үйде тұру мүмкін емес. Дегенмен басқа барар жеріміз жоқ. Үйдің кірпіштен қаланған іргетасы езіліп барады. Төбеден су ағады.

Жезқазғанда апатты деп танылған 23 үй бар. Қалалық әкімдік өкілі бұл мәселе  тек реновация бағдарламасымен шешілетінін айтады.  Ол үшін бюджеттен қаражат бөлінбейді. Апатты үйлердің тұрғындары мен мердігер ұйым арасында жасалған келісім негізінде жүзеге асады. Ескі ғимарат сүріліп, орнына көпқабатты үй салынады. Алайда бұл жұмыстың  қарқыны баяу.

Айдана Молдағалиева, қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің маманы:

- Реновация бағдарламасы 2021 жылы басталды. Сол жылдан бастап бізде тиісті инвестор табылмады. Қазіргі таңда Шымкент қаласынан инвестор шақырылуда. Қазіргі таңда түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оларға бағдарлама бойынша тиісті тұрғын үй яғни пәтерге пәтер немесе компенсация төленеді.  

Қалада жалпы  600-ден астам көпқабатты тұрғын үй бар. Соның 234-і ескірген.  130 дан астам  2 қабатты ағаш үй реновация бағдарламасымен   жаңасы салынуы тиіс еді. Алайда жұмыс ұзаққа созылып кетті. Инвесторлардың қызығушылығы төмен.  Салдарынан, бағдарлама басталғалы бірде-бір отбасының пәтері жаңармаған.   Жергілікті билік түсіндіру жұмыстарын жалғастыра бермек.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев