Атырау облысында 22 әлеуметтік нысан жаңартылады

Биыл Атырау облысында 22 әлеуметтік нысан жаңа кейіпке енеді. Солардың бірі – Бейбарыс ауылындағы 300 орындық Мәдениет үйі. 

Нысанды жөндеуге былтыр облыстық бюджеттен 24 миллион теңге бөлінген. Қазір өнер ордасы ауыл тұрғындарының сүйікті орнына айналды.

Бейбарыстағы жас таланттардың өнері көпке танымал. Әсіресе, қазақтың қара домбырасын жанына серік еткен қыздар тобы түрлі байрақты бәсекеде топ жарып жүр. Бұрын өнерпаздар мектепте дайындалатын. Жаңа жылдан бастап жөндеуден өткен кәсіби өнер сахнасына шыға бастады.

Нұр Орынбай, домбырашылар тобының мүшесі:

- Мен 4-шы сыныптан бастап домбыраға қатысамын. Өзіме домбыра қатты ұнайды. Мұнда үлкен актовый зал бар. Осы сахнаға шығу арқылы республикалық, облыстық байқауларда жүлделі орындарды алдым. Мен осы домбыраға келгелі көптеген достар таптым. Ләйлә, Інжу, Анель Айша тағы да басқа көптеген достар таптым. 

Өткен ғасырдың 80-жылдары салынған мәдениет үйінің тозығы жеткен. Былтыр облыстық бюджеттен 24 млн теңге қаралып, ғимарат қалпына келтірілді. Қазір жаңарған өнер ордасына ауыл өнерпаздары қайта жинала бастады.

Нұрмұхаммед Ислам, Бейбарыс ауылдық мәдениет үйінің директоры:

- Жөндеу жұмыстарында сахна толықтай жаңартылып, электр желісі, жылу жүйесі толықтай ауысты. Және әктеу сырлау жұмыстары жүргізілді. 5 үйірме қызмет етіп тұр. Оған келушілер саны- 60 бала. Сонымен қатар келемін деушілерге есігіміз ашық. 

5 мыңға тарта тұрғыны бар Бейбарыс ауылдық округіне үш ауыл кіреді. Елдімекендер табиғи газ және интернет жүйесімен қамтылған. 

Сейілбек Зұлхашев, Бейбарыс ауылдық округінің әкімі:

- Онымен қоса осы Бейбарыс ауылының ортасынан спорт кешені салынды. Талдыкөл ауылында ауылішілік жолдар салынды. Аққайың ауылында жаңа медициналық пункт деп аталады сол биылығы жылы іске қосылады. Жалпы Бейбарыс ауылдық округінде алдағы жылдарға да жаңа жобалар бар.

Жыл аяғына дейін ауылдарда 22 әлеуметтік нысан жаңартылады. Оның ішінде былтыр құрылысы басталған 4 мәдениет үйі, 8 спорт кешені мен жазғы спорт алаңдары және дәрігерлік нысандар бар. 

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин