Елорданың №254 дауыс беру учаскесі референдумға ерекше дайындалған
Елордада Нұра ауданындағы №254 дауыс беру учаскесі референдумға ерекше дайындалған.
Алдын ала ұлттық нақышта киім тіктіріп киіп, келушілерді көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды.
Бас қаладағы №254 учаскедегілер дауыс берушілерді ерекше көңіл-күймен қарсы алып жатыр. Мұндағы комиссия мүшелері бірдей ұлттық нақышта шапан киген. Наурызнаманың нышаны саяси науқанға ерекше әр берген.
Ерсін Серікболатов, №254 учаскесіндегі референдум комиссиясы төрағасының орынбасары:
- Учаскелік комиссия мүшелері арнайы дайындалып, Наурызға орай ұлттық нақыштағы киімдерімізді киіп, дауыс берушілерді жақсы көңіл-күйде қарсы алып жатырмыз. Бүгінгі таңғы сағат 07:00-ден бастап дауыс берушілер келді, одан кейін де келіп жатыр.
Елордадағы Нұра ауданында 80-ге жуық учаске жұмыс істеп тұр. Таңнан бері тұрғындар дауыс беруге белсенді келіп жатыр. Мемлекеттік деңгейдегі маңызды науқаннан қалыс қалмай өз таңдауын жасаған белсенді жастардың бірі Айбек Молдамұрат отбасымен келіп, азаматтық ұстанымын білдіргенін айтады.
Айбек Молдамұратұлы, қала тұрғыны:
- Қазақстан азаматы болғандықтан референдумға келіп дауыс беру парызымыз. Бұл біздің болашақ ұрпағымызыдың қамы десек те болады. Туыс-туғандарыммен бәріміз, анашым-жұбайым бірге келдік.
Жалпы Нұра ауданындағы референдум учаскелеріне келіп дауыс беріп жатқандардың қарасы қалың. Қала тұрғындары ел тағдырына бей-жай қарамайтындығын осылай дәлелдеді.
Айнұр Қуатқызы, Мұрат Әріпханов