Маңғыстаулықтар дауыс беру учаскелеріне ұлттық киіммен келді

Маңғыстау өңірінде ерекше бастама жүзеге асты. Тұрғындар референдумға ұлттық киіммен барып, челленджге белсенді қатысып жатыр.

Игі шара әлеуметтік желіде тез тарап, халықтың ықыласына бөленді.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Таңертең Мұнайлы ауданына, түстен кейін Ақтаудағы бірқатар референдум учаскелерін араладық. Біз барған учаскелерде қазақтың ән-күйі әуелеп, жергілікті тауар өндірушілер көрме-жәрмеңке ұйымдастырды. Учаскелердің бірінде «Дауыс» есімді робот көпшілікпен көрісіп, өз өнерімен таңқалдырды. Жалпы Маңғыстауда Наурыз мейрамы 13-нен бастау алатыны белгілі. Күні кеше Отпан тауда Амал-Көрісу күнін атап өткен маңғыстаулықтар референдумға ұлттық киіммен келді. Еліміздегі маңызды шараға белсене қатысып, өз таңдауын жасаған азаматтардың пікіріне құлақ түрелік.  

Айбек Имашев, халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

- Мұндай тарихи сәтте азаматтың борышымызды таныту бізге парыз деп білеміз. Спортшы ретінде, осы елде патриот ретінде біз өз таңдауымызды жасауымыз қажет. Еліміздің болашағы жарқын болатына сенім білдіремін.

Ақтауда 94 референдум учаскесінде тұрғылықты мекенжайы бойынша ең азы екі мыңдай адам тізімде тұр. Түске дейін олардың жартысына жуығы келіп, өз таңдауын жасады. Мамандардың сөзінше, облыста барлық референдум учаскесі штаттық кестеге сәйкес бойынша жұмыс жасады. Сондай-ақ бүгін Ақтауда көпбалалы отбасыда тоғызыншы сәби дүниеге келді. Жақындары жақсы ырымға балап, нәрестенің есімін Атазаң деп қойды. Тағы бір айта кетерлігі, Маңғыстауда 3600-ден астам мүгедектігі бар адам тұрады. Олар референдумда дауыс беруі үшін өңірдің 24 елді мекенінде 35 инватакси қызмет көрсетті.