Наурыз – ақ бата, ақ пейіл, ақ дастарқан
Әз-Наурыз – ақ дастарқан, ақжарма тілек, аңқыма пейіл. Жер-жаһан жаңарып, тіршілік түлейтін бұл мезет – береке мен бірліктің, мейірім мен ізгіліктің бастауы.
Жұртшылық салт-дәстүрін көрсетіп, бір серпіледі. Әр шаңырақта ақ дастарқан жайылады. Бұл күнде жұрттың көңілі жадыраңқы, пейілі кең. Сол ақпейіл жұрт Наурызды қалай қарсы алып жатыр?
Дильназ Тұрғазыева, тілші:
- Бұл келген – Жаңа жыл! Наурыз – малдың аузы көкке, елдің азы аққа тиетін мамыражай шақ. Қазақ үшін Ұлыс күні әр шаңыраққа береке әкелетін құтты шақ есебінде. Сол себепті үлкен де, кіші де бұл күнді шат-шадыман қарсы алады.
Блиц:
- Наурыз мейрамын мен өз ауылымда қарсы алмақшымын. Ауылдың демін, ауасын ауылдық тұрғындармен сезінуге не жетсін. Өзім Шымкент қаласының тумасымын. Бізде Наурызды таудың баурайында ерекше қатты атап өтеді. Сол атмосфераны сезінуге не жетсін?!
- Бұл мерекені отбасымызбен қарсы аламыз. Құда-жекжат, жора-жолдастарымызбен дастарқан басында наурызкөже ішеміз. Ет асып, бауырсақ пісіріп. Балаларымызға соның бәрін көрсетіп, қазақтың ұлттық киімдерін киіп отбасымызда қарсы аламыз.
- Наурыз мейрамы өзім үшін өте керемет. 21 наурыз күні үш мейрам. Анамның туған күні. Әкем мен анамның отау құрған күні және Әз-наурыз мейрамы. Наурыз мейрамын отбасымен қарсы аламыз.
Кимешегі жарасып, әр ісін әнмен әрлеген әжеміз – Роза Мәненқызы. Сексеннің сеңгірінен асқан зейнеткер – саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз. Бүгінде төрт перзенттен өрбіген он немере, бес шөберенің әжесі. Әулетінің ұйытқысы, шаңырағының шырақшысы. «Наурыз – тек ішіп-жем емес, ұрпақтың амандығын, салауатын, бірлігін ойлаған мейрам», - дейді. Ал сол бірліктің, молшылықтың болуы үшін үлкендер бата беріп отыруға тиіс.
Роза Мәненқызы, Астана қаласының тұрғыны:
- Бір күні жеті жасар Жетес деген бала Төле биге келіп сәлем береді. Ол кезде Төле би 90 жаста екен. Қазақта: «Алпыстағы ақсақал келсе, алты жасар бала барып, сәлем береді», - дейді. Сонда Төле би: «Не берейін саған?» депті. Сонда бала: «Ата, ат берсең, ол күннің бір күнінде өліп қалады. Тон берсең, ол күндердің бір күні тозып қалады. Сондықтан маған атқа да, тонға да беріксіз бірауыз сөз айтшы, соны айтып жүрейін», - депті. Сонда Төле би: «Балам, бата басқа бітеді, ақыл жасқа бітеді, қына тасқа бітеді, мен саған бата берейін. Осы батаны айтып жүрсең ешкімнен кем болмайсың», - дейді.
Иә, қазақ: «Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас» деп бекер айтпаған. Үлкендер: «Періштенің құлағына шалынсын» деп бата береді. Ұрпақтың, елдің амандығы – басты байлық. Ал наурыздың өзі бір есептен амандық-саулықпен қоса молшылықтың белгісі.
Бүгінде әз-Наурызды әлемнің 300 миллионнан астам тұрғыны тойлайды екен. 2010 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы 21 наурызды Халықаралық Наурыз күні деп жариялаған.
Дильназ Тұрғазыева, Медет Қуанышбеков