ШҚО-да тасқынның алдын алуға әскерилер жұмылдырылды
Шығыстағы 70 елді мекен төңірегінде тасқын қаупі жоғары. Солардың бірі – Алтай ауданы. Мұнда 11 ауыл назарда тұр. Себебі таулы-орманды алқапта қар қалың.
Қазір мұнда қосымша көмекке әскери бөлімдерден жауынгерлер де келді. Олар арықтарды аршып, тасқын болған жағдайда эвакуциялық жұмыстарға көмектеседі.
Алтай ауданында тасқынға қарсы жұмыс қауырт. Әдеттегідей өңірде қар мол жауды. Қалыңдығы 1 метрге жуықтайды. Тау етегінде, өзен жағасында орналасқан ең қауіпті деген 11 ауыл белгіленген. Мамандар соның ішінде 3 елді мекенді назарда ұстап отыр.
Ренат Құрмамбаев, Алтай ауданының әкімі:
- Үш ауыл ең бірінші, Зубовск және Богатырев және Соловьев ауылдары. Біріншіден, Соловьев ауылында Березовка деген өзен бар. Бұл Березовка өзенінің суы жан-жақтан таудан жиналады және арнасы 2024 жылы сыймай су деңгейі көтерілген болатұғын Сол себептен біз Березовка өзенін арнасынын тереңдеттік және жағалардың бекіту жұмыстарын жүргіздік.
Күрделі климат пен жер бедерінің қиындығы тағы бар. Сондықтан Алтайға әскери бөлім жауынгерлері келіп, қосымша көмек көрсетіп жатыр.
Сай-саладан еріген қар суы күре жолға да қауіп төндіреді. Былтыр «Өскемен-Алтай», Үлкен Нарын, Қатонқарағай бағытында жартасты бойлай өтетін тасжолды су шайып, бірнеше сағат бойы көлік жүре алмаған. Сол себепті су құбырлары мен өткелдердің жай-күйі тексеріліп жатыр.
Саяхат Мүсәпіров, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» ОФ бөлім басшысы:
- Республикалық маңызы бар жолдарда 1143 су құбыры, 88 көпір орналасқан. Олардың тазалығын тексерудеміз. Одан бөлек осы жолдарда 5 су шаюы қаупі төніп тұрған телім бар, олардың да жағдайы әрдайым бақылауда.
Бұдан бөлек құтқарушылар жеті ауданда мұз шоғырлануы мүмкін деген 20 өзеннің ағысын бақылауға алды.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Өлкедегі өзендерде су деңгейі тәуліктік режімде бақылауға алынған. Ол үшін 49 гидробекет жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, мұз көбесін сөгу шаралары да жиі атқарылып жатыр. Өйткені мұз осылай кесек-кесек болып бөлініп, шоғырланып қалған жағдайда ағысқа кедергі келтіруі мүмкін. Ал оның соңы тасқынға әкеледі.
Бүгінге дейін 11 учаскеде мұз жару жұмыстары жүргізілді. Шемонайхадағы Үбі өзенінде 12 мың шаршы аумақта мұз ұсақталды. Енді мұндай шаралар Қатонқарағай, Күршім аудандарында жоспарланып отыр.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов.