Асық ату: ермек пе, ем бе?

Асық ойнаған азбайды, керісінше озады. Ұлттық ойын балалар жиі шалдығатын сан дертке шипа екен. Керек десеңіз, психикалық дамуы тежелген бүлдіршіндерді емдеп, тез жетілуіне көмектеседі.

Сол үшін асық ойынын мектептер оқу бағдарламасына енгізіп жатыр. Білім ордалары қол күрес, тоғызқұмалақ пен қазақ күресін де жеткіншектерге жастайынан үйретуді қолға алды. Ұлттық ойындардың балаларға қандай пайдасы бар?

Көктем шығып, жер құрғаса, ауыл баласы көше аралап, асық ататын. Одан қалды соқыр теке мен тығылыспақ ойнап, алтыбақан тебеді. Ересектердің дені осылай өсті. Бір қарағанда жай баланың ермегі болып көрінген осы әуестік ой-өрісті жетілдіріп, денені шынықтыратын таптырмас құрал екен. Мұны телефонның бесігінде тербелген бүгінгі буын көрсетіп отыр. Ашығын айту керек, жас отбасылардың көбі дәрігер жағалап, шығынға белшесінен батады. Ал бір ғана асық ату − логопед, дефектолог сынды сан маманның орнын баса алады.

Анаргүл Шайзада, «№2 Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациясы» КММ педагог-психологы:

- Ең бірінші, қимыл-қозғалысын дамытуға көмектеседі, тепе-теңдікті сақтауға, ірі моторикасын дамытуға болады. Қазір кез келген түзету бағытын алсаңыз, логопед, дефектолог, АФК мамандарының жұмысы бар. Оның барлығында дәл осы пункттер бойынша жұмыс жасайды. Осы пунктарды біз ұлттық ойындар арқылы дамытсақ болады.

Демек асық атудың мыңдаған жылдан бері сақталып келе жатқаны бекер емес. Ал оны мектеп бағдарламасына енгізу арқылы балаға ділімізбен бірге пайдалы дағдыларды қоса үйретеміз. Мұны мұғалімдер растап отыр. Бастаманы алғаш болып қолдаған білім ордасының бірі − елордадағы №85 мектеп-лицейі.

Наргиз Бекмағанбетова, тілші:

- Асық ату – бұл жай ғана мергендік емес, бұл нағыз математикалық есеп пен стратегияның үйлесімі! Кішкентай ғана сүйек баланың саусақ бұлшықеттерін дамытады, ең бастысы –  төзімділікке баулиды. Бүгінгі уақытта мектеп қабырғасында осындай ұлттық ойындардың жандануы – мәдени кодымыздың сақталып жатқанының белгісі.

Білім ордасында «Алтын ұрпақ» жобасы қолға алынған. Осы арқылы бабалар аманаты – бүгінгінің брендіне айналды. Мұғалімдердің айтуынша, балардың қызығушылығы жоғары.

Қанат Спандиярұлы, №85 мектеп-лицейінің дене шынықтыру пәні мұғалімі:

- Қазір енді 1-2 сыныптардың арасында бес тас ойыны, 3-4 сыныптардың арасында бес кеней асық ойындарынан дайындықтар болып жатыр. Жобамен айтатын болсам, 3-4 сыныптардың барлығы осы асық ойынының бес кеней ойындары бойынша қамтылды. Бұл үлкен асық ойынының бірінші сатысы деп айтсақ болады. Ал 5-11 сыныптардың арасында, 5-6 сыныптардың арасында бөлек, 7-8 және 9-11 сыныптардың арасында бөлек қалалық жарыстар болады. Бізде әрбір топтан ұлдар да, қыздар да бар. Әрбір топта 12-15 баладан үйірмеге балалар қатысады.

Асық ойнау қазақ баласының қанында бар. Сол үшін тез меңгереді, айызын қандырып ойнайды. Ұлттық ойынды жіті меңгерген баланың бірі − Бақберген Лесхан. Оның дәлдік пен тәртіпті талап ететін бәсекеде өз тактикасы бар. 

Бақберген Лесхан, 4-сынып оқушысы:

- Бірінші сызықтан тұрып атасың. Егер асығың шеңберден шықса, сен сол шеңбердің қасынан атасың, егер шықпай қалса, мүмкіндіктен атасың. Ал одан шықпаса, асықты қайтадан тігіп, келесі қарсыласыңа атуға жолыңды бересің. Негізі 4 сыныптардан өзім қатысам, үлкен сыныптардағы достарым бар солармен бірге қатысамын. 

Балалар дәстүрлі ойыннан бөлек, ұмытылып бара жатқан «бес асықты» да меңгерген. Тіпті жарыстарға қатысып, жүлдеге таласады.

Ақбөпе Тұрсынбай, 9-сынып оқушысы:

- Бес асықтың командасы, біз 5 сыныптан бері бірге ойнап, көптеген жарыстарға қатысып, өзіміздің 3, 2, 1 орындармызды алып келе жатырмыз. Қазіргі уақытта біз 120 мектептің арасында екінші орында тұрмыз. Біз 5 жылдан бері бірге ойнап, көптеген жарысқа қатысып, бір отбасыдай болып кеттік. Мектепте арнайы дайындық орны бар, сол жерде 1-2 сағат қатысып, еңбегімізді шынықтырамыз. 

Тәрбие тал бесіктен дейді қазақ. Олай болса, ұлттық құндылықты балабақшада да дәріптеу маңызды. Осы ретте «Бәйшешек» балабақшасының тәжірибесі көпке ұлгі. Ұжым ұлттық ойынды цифрлы дәуірдің тынысымен үйлестіріп, жасанды интеллект мүмкіндіктерін игілікке жаратып отыр.

Жанат Махмутова, Астана қаласы әкімдігінің №42 «Бәйшешек» балабақшасының меңгерушісі:

-   Ұлттық ойындар балабақша ашылған күннен бастап енгізілген. Әр топта педагогтар ұлттық ойындарымызды белсенді пайдаланады, өйткені оқу үдерісі ойын арқылы тиімді өтеді және бұл баланың жан-жақты дамуына үлкен мүмкіндік береді. Ойынға барлық жастағы балалар қатысады. Әр жастың өз ерекшелігі бар, сондықтан әр топқа арнайы бейімделген ойындар қолданылады. Педагогтар ойындарды үнемі жаңартып, заман талабына сай бейімдейді. 

Ал медицина мамаңдарының айтуынша, сақаны нысанаға алған сәтте көз бұлшықеттері шынығып, көру қабілеті артады. Оған қоса, ойын барысындағы үздіксіз қозғалыс қан айналымын жақсартып, табан мен омыртқаның дұрыс қалыптасуына септігін тигізеді. «Алшы» мен «тәйке», «бүк» пен «шік» баланы кішкентайынан ықтималдықтарды есептеп, тәуекел мен таңдау арасында жылдам шешім қабылдауға бейімдейді. Ұлттық ойын ұмыт болып бара жатқаны жасырын емес. Қала тұрмақ, түскірі ауыл баласының өзінен асықтан алшақтағалы қашан? Осындай кезеңде білім беру жүйесі мәселені қолға алды. Бір ғана елорданың 100-ден астам мектебі мен 100-ге жуық балабақшасында асық ату үйірмелері бар. 

Авторлары:  Наргиз Бекмағанбетова, Досбол Байдильдин