Сеул саябағында Наурыз мейрамы тойланды
Наурыз мейрамын Сеулдегі саябақтардың бірінде атап өтті. Орталық Азия елдерінен келген студенттер Оңтүстік Корея тұрғындарына өз халқының мәдениеті мен дәстүрлерін таныстырды.
Хан өзенінің жағасындағы саябақ - сеулдіктердің ең сүйікті демалыс орындарының бірі. Мұнда олар сейіл құрып, демалады. Әсіресе демалыс күндері жұрт қарасы қалың болады.
Биыл Наурыз мейрамы жексенбіге сәйкес келгендіктен, демалушылар Орталық Азия халықтарының мәдени фестивалін тамашалады. Мерекелік іс-шараны Корея жастары мен шетелдіктердің басын қосатын халықаралық ұйым ұйымдастырды.
Ким А Соль, «International World in Korea» ұйымының басшысы:
- Бүгін Орталық Азия мен Корея қауымдастықтары тарихы 3 мың жылдан асатын Наурыз мейрамын атап өту үшін осындай іс-шара ұйымдастырып отыр. Қазіргі уақытта Кореяда 2 миллион 600 мыңнан астам шетелдік тұрады. Олар корей қоғамының маңызды бір бөлігі әрі болашақты бірге құрып жатқан серіктестеріміз. Бүгінгі фестиваль ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтуға көмектеседі деп сенемін.
Елшіміз Нұрғали Арыстанов Қазақстанда Наурызды тойлау дәстүрлері туралы айтып, биылғы жыл Қазақстан-Корея қарым-қатынасы үшін маңызды болатынын атап өтті.
Нұрғали Арыстанов, Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі:
- Қазақстанда біз Наурыз мейрамына бүкіл наурыз айын арнаймыз. Тіпті айдың атауының өзі де наурыз деп аталады. Бүгінгі фестиваль Орталық Азияның барлық елдері мен Кореяның басын қосып отыр. Біздің фестивальдеріміз бір-біріне өте ұқсас. Биыл бізде жылдың ең ірі оқиғаларының бірі - Корея-Орталық Азия саммиті өтеді. Президенттеріміз бірлік пен халықаралық достықты нығайту үшін осында бас қосады.
Көрермендер Орталық Азия елдерінің мәдени және аспаздық дәстүрлерінің ұқсастығын байқады. Мәселен, барлық халықтың тағамында айран барын көрді. Ал қырғыз киіз үйін қазақ үйінен ажырату оларға қиынға соқты. Тіпті тұсаукесу салты да екі халықта бірдей.
Қазақстандық студенттер викторина ұйымдастырды. Оның қатысушылары тарих пен мәдениетке қатысты сұрақтарға жауап беріп, дұрыс жауап үшін құрт пен қазақстандық шоколад алды.
Отандастарымыз шетелдіктерге асық ату, ләңгі тебу және арқан тарту сияқты ұлттық ойындарды көрсетіп, ән шырқап, би билеп тамсандырды.
Мақсат Хасанов, Кореядағы қазақстандық Студенттер қауымдастығының президенті:
- Бір жарым мың, екі жарым мың шақты студенттер оқиды. Олардың көбісі бізге біздің «Инстаграм» парақшамызға тіркелген. Сондықтан біз осындай көп адамды жинай аламыз, жалпы Қазақстан жайлы олар көп сұрақ қояды. Кейбіреулері менен естіп «біз Қазақстанға барамыз» деген ойлары туындады.
Фестивальде барлық стендтерді аралап көрген қонақтарға Орталық Азия халықтарының ертегілері корей тілінде сыйға тартылды. «Жыл басы қалай анықталады?» атты қазақ ертегісін оқып, жергілікті тұрғындар халқымыздың жыл қайыруы мен мүшел жас ұғымы туралы біле алады.
Владислав Цой, Ольга Лян