Орталық Азияның су ирригациясы жаңа технологияға зәру

Орталық Азия алдағы 10 жылда су ресурстарының тапшылығымен бетпе-бет келеді. Бұл ең алдымен климаттық өзгерістердің әсері. Сондай-ақ аймақтағы адам санының өсуі де тұтынушылық көрсеткішке ықпал етпек.

Ташкентте өтіп жатқан халықаралық су конференциясында Орталық Азияның су ресурстарына қатысты көптеген болжамдар айтылып,   ғылыми баяндамалар жасалды. Халықаралық су конференциясына 19 мемлекеттен 1200-ге жуық делегат келді. Еуропа мен Азия, Араб елдерінің су мамандары өзара тәжірибелерімен бөлісті. Орталық Азия үшін Арал теңізінің тағдыры маңызды. Ресми Астана соңғы 3 жылда экологиялық аймақты қалыпқа келтіру үшін маңызды қадамдар жасады.

Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:

- Бүгінде солтүстік арал теңізінде 23 жарым млрд текше м су бар. Соңғы 3 жылда біз 6 млрд текше м су бердік. Ол нені білдіреді? Ол осы сырдария бассейінінде орналасқан мемлекеттердің бір-біріне жәрдем беруі су дипломатясының өте жоғарғы деңгейде екенін көрсетеді.Ол жалғыз Қазақстанның емес сырдария мен әмудария бойында орналасқан елдердің проблемасы. Қазір су толып жатыр. Оған әріптестеріміз көмектесіп жатыр.

Тәжікстан Республикасының су рестурстары министрі тау мұздықтарының жылдам еріп жатқанына алаңдаушылық білдірді. Айтуынша, 14 мың мұздықтың қазір 2 мыңға жуығы еріп кеткен. Егер Орталық Азия елдері тұтынатын судың 60 пайызы Тәжікстан аумағынан келетінін ескерсек, климаттық өзгерістер азық- түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіреді.

Илхом Бегматов, Ташкенттегі Су және ирригация институтының профессоры:

- Бүгінде Өзбекстанда 4 млн 300 мың гектар жер суармалы алқаптар санатына жатады. Ал келетін тіршілік нәрінің көлемі жылдан жылға азайып барады. Мәселен, қазір Өзбекстанға 51 мен 53 куб шақырым аралығында су беріледі. Ал соның 91пайызын ауылшаруашылық саласы тұтынады екен. Демек су ирригациясын дамыту өте маңызды. Үнемдемесек, алдағы уақытта үлкен қиындықтар күтіп тұр.

Сушы мамандар бір ауыздан салаға жаңа технология енгізіп, тірлішік нәрін үнемдеудің тың әдістерін қосу уақыт күттірмейтін жұмыс екенін айтты. Себебі ресурс жылдан жылға азайып барады. Ал оны дер кезінде қолға алмаса, миллондаған адамның тағдырына кері әсері тиюуі мүмкін.