«Таза Қазақстан»: Кентауда ерекше форматтағы акция өтті
Кентау қаласында ерекше форматтағы тазалық акциясы өтті. «Бір қап қоқыс – бір балмұздақ» атауымен ұйымдастырылған шара «Таза Қазақстан» бастамасы аясында жүзеге асты.
Акцияға қаладағы Абай көшесінің бойында орналасқан көпқабатты үйлердің тұрғындары белсенді қатысты. Әсіресе елуге жуық бала аула тазалығына атсалысып, тұрмыстық қалдықтарды жинап, арнайы орындарға шығарды. Әрбір жиналған қап қоқыс үшін балаларға балмұздақ пен түрлі ойыншықтар таратылды. Тұрғындар бұл бастаманы зор ықыласпен қолдап, ата-аналар балаларымен бірге тазалықтың маңызын іс жүзінде көрсетті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Кентауда басталған бұл игі дәстүр алдағы уақытта басқа аудандарда да жалғасын табады.
Ислам Айболат, акцияға қатысушы:
- Бүгін біз өзіміздің ауланы жарысып жүріп балалармен бірге жинадық. Бізге қатты ұнады. Сыйлықтар, доп, балмұздақ берді. Қызық болды. Бүкіл кентаулықтарды тазалыққа шақырамыз.
Сұлтан Азат, қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысы:
- Жалпы бұл плогинг дегеніміз – жүгіріп жүріп, қоқыс жинау. Бірінші кезекте – спорт, екінші кезекте – тазалық. Бұл «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылып отыр. Балаларға балмұздақ беріп қызықтыру, тәрбие беру. Тазалықты өздерінің сақтауы, келер ұрпаққа үлгі болатын дүние жасау.