Оралда еріктілер стадиондағы қоқысты жинап кетті
Оралдық жастар көпшілікке үлгі көрсетті. Олар футболдан Қазақстан кубогы аясында өткен «Жайық» - «Қайрат» матчынан кейін стадионды тазалап кетті.
Осылайша, ортақ күштің арқасында арена аумағы қысқа уақыт ішінде толық ретке келтірілді.
Былтыр Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде бақ сынаған «Қайраттың» Оралға келуі жанкүйерлердің зор қызығушылығын туғызды. Соның көрінісі шығар стадиондағы 8 320 билет күні бұрын сатылып кетті. Жергілікті команда ұтылса да, жанкүйерлердің жігері жасыған жоқ. Ойын соңында ерікті жастар трибуналарды тазалап, жанкүйерлер қалдырған түрлі қалдықтарды жинауға кірісті.
Әсем Бекежанқызы, қала тұрғыны:
- Жайық командасына жетістіктер тілейміз. Ал біз Қазақстан Студенттер альянсы болып матчтан кейін қаламыздың тазалығын сақтау үшін қала тұрғындары тастап кеткен қоқыстарды жинауға атсалысып жүрміз. Бұл өзіміздің қаламыз. Қоқыс біздікі болмаса да, қала біздікі. Студенттер болып, осындай «Таза Қазақстан» акциясын қолдап, әрдайым өзіміздің қаламызды тазалықта ұстауымыз керек деп білеміз.
Матчтан кейін трибунаны тазарту өркениетті елдерде қалыпты көрініс. Мысалы жапондықтар спорттық шарадан соң қалталарынан қоқыс пакеттерін шығарып, жан-жағын жинап кетеді. Осыны біз де үрдіске айналдыруымыз керек, - дейді жастар.
Нұрислам Ахметов, қалалық Жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары:
- «Таза Қазақстан» акциясы бұл өзіміздің Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен бастау алған болатын. Матчтан кейін студенттер болып, еріктілер болып және де спортшылар болып акцияны қолдап жинап жатырмыз. Бұл жай ғана сенбілік жасау емес, тазарту емес, бұл дейтін жаңа таза ой, таза іс деген мағынаны да білдіреді.
Бүгінгі «Таза Қазақстан» шарасына 100-ге жуық адам қатысты. Ресурстық орталық мүшелері мен ерікті жастар өңірде өтетін тазалық акцияларын тұрақты қолдап келеді.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов