4 млн дана электр энергиясын есепке алу құрылғысы орнатылады
Елде 4 млн дана интеллектуалды электр энергиясын есепке алу құрылғысы орнатылуы мүмкін. Бұл туралы Энергетика вице-министрі мәлімдеді.
Бақытжан Ілияс жылу энергиясын есепке алу мәселесі де пысықталып жатқанын да айтты. Халықаралық тәжірибеге сәйкес оның нәтижесінде энергия үнемдеу 15 пайызға дейін жетеді. Былтыр салаға бірқатар цифрлық шешім енгізілді. Оның ішінде күзгі-қысқы кезеңге дайындық пен одан өту барысын мониторингтеу жүйесі бар. Ол активтерді, жөндеу жұмыстарын және генерация объектілерінің жұмыс режимдерін онлайн бақылауды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ бірыңғай энергетикалық жүйемен интеграциялау арқылы энергожүйені орталықтандырылған онлайн-мониторингке көшіруге мүмкіндік берді.
Бақытжан Ілияс, ҚР Энергетика вице-министрі:
- Ұлттық жоба аясында төрт жыл ішінде электрмен жабдықтаудың 27 субъектісінде 4 млн «ақылды» есепке алу құралымен қосымша жарақтандыру көзделген. Күтілетін тиімділік электр энергиясының нормативтік шығындарын қысқарту есебінен 57 млрд теңге көлемінде бағаланады. Сондай-ақ жылу энергиясын есепке алудың автоматтандырылған жүйелерін жаппай енгізу жоспарда бар. Жылумен жабдықтау объектілері мен ірі тұтынушылар қазірдің өзінде жабдықталған, алайда негізгі алшақтық магистральдық және тарату жылу желілерінде байқалады.