Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу ісі күшейеді
Бүгін Үкіметте Кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның жұмысы талқыланды.
Келелі кеңеске Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева төрағалық етті. Салалық министрліктердің өкілдері қазіргі жағдай мен қабылданған шаралар туралы баяндады. 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша елде кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық саны 8%-ға төмендеді. Комиссия алдағы жұмыс жоспарын бекітті. Ол өңірлерде профилактика нәтижелері үшін жауапкершілікті күшейтуді, тәуекел тобына жататын балалармен атаулы жұмысты жетілдіруді, ведомствоаралық өзара іс-қимылды және тәлімгерлікті дамытуды көздейді. Барлық өңірлерде кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссиялардың құрамы жаңартылды. Олардың жұмысына девиантты мінез-құлықтың алдын алумен айналысатын, білім беру ұйымдары және құқық қорғау органдарымен өзара әрекеттесетін азаматтық және сарапшылық қауымдастық өкілдері енгізілді. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтік мінез-құлықтың алдын алуға ерекше назар аударылады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жергілікті жерлерде Бірыңғай алгоритмді іске асыру деңгейі әлі де жеткіліксіз. Аида Балаеваның айтуынша, комиссия – жай ғана орган емес, балалардың зорлық-зомбылыққа ұшырамауы, қауіпсіз өмір сүруі және заң бұзбауы үшін барлық күш-жігер шоғырланған алаң. Бұл бағыттағы жұмыс – дені сау әрі мықты жас ұрпақты тәрбиелеудің маңызды факторы. Премьер-министрдің орынбасары ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуді, балалардағы дағдарыстық жағдайларды ерте анықтау тиімділігін арттыруды, білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтердің рөлін нығайтуды, сондай-ақ тәуекел тобындағы балаларды мониторингтеу мен сүйемелдеуге арналған цифрлық шешімдерді енгізуді тапсырды.