Өскемендіктер Жеңістің 81 көктемін ерекше ықыласпен қарсы алды
Өскемендіктер Ұлы Жеңістің 81 көктемін ерекше ықыласпен қарсы алды. Жылдағыдай Даңқ мемориалы маңында соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетілді.
Жиналған жұртшылық майдан даласынан оралмаған боздақтардың рухына тағзым етті. Салтанатты шараның негізгі мақсаты – батырлар ерлігін ұлықтап, бүгінгі ұрпаққа бейбіт аспанның қадірін түсіндіру.
Шығыстан 182 600 адам майдан даласына аттанды. Соның 95000-ы оралмады. Қазір өңірде көзі тірі 6 соғыс ардагері, 3 мыңнан аса тыл ардагері қалды. Мемлекет тарапынан қарт жауынгерлерге жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Бүгінгі басқосу – қанды шайқаста ерлікпен қаза тапқан боздақтарды еске алуға, әрі сол заманың куәгерлеріне құрмет көрсетуге арналады.
Нұрымбет Сақтағанов, ШҚО әкімі:
- Ұлы Жеңіс күнімен баршаңызды шын жүректен құттықттаймын. Бүгін жанқияр өрлікпен еңселі ерлік рухы өрлеп, жеңіс жалауы желбіреген ұлы мереке.
Ерлік даңқы – ел есінде. Жиналғандар «Мәңгілік алау» қасына гүл шоғын қойып, батырлар рухына тағзым етті. «Жеңістің оңай келмегенінен аға буын хабардар, дегенмен оны жас ұрпаққа насихаттау маңызды», - дейді олар.
Төре Болатқанұлы, қала тұрғыны:
- Бұл – ұмытуға болмайтын мереке. Осы ашық аспанды, қазіргі өмірді бізге сыйлаған осы апа-аталарымыз. Қазіргі жас ұрпақ осыны білгені дұрыс деп ойлаймын.
Мерекеде спорттық сайыстар өтті. Мәселен, жерден тартылудан жаппай жарыс болды. Мақсат – жалпы ортақ көрсеткішті 29 565 мәртеге жеткізу. Өйткені Ұлы жеңіс жарияланғалы бері осыншама күн өткен.
Бекарыс Дәуренұлы, жарысты ұйымдастырушы:
- Ата-бабаларымыз ерлік көрсеткен 9 мамыр күні халқымыз да бүгінгі тәуелсіз ел ретінде бірлігі мен күшін, елге деген құрметін осылай танытса деген ниетпен осы шараны ұйымдастырып отырмыз.
Жеңіс мейрамы күні бойы жалғасып, «Өз шырағыңды жақ» атты акциямен аяқталады.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин