Алғашқы қазақша-корейше сөздік шықты
Оңтүстік Корея тұрғындары Қазақстан азаматтарын жақсы түсіне бастайды. Сеулде алғашқы қазақша-кәрісше онлайн-сөздік әзірленді. Жаңа платформа барша ниет білдірушілерге тегін.
Владислав Цой, тілші:
- Бұл университетте Қазақстанды 22 жыл бойы зерттеп келеді. Осы уақыт ішінде мұнда еліміз бойынша 200-ге жуық маман даярланды. Десе де осы кезге дейін қазақша-корейше сөздік болған жоқ. Енді міне, қос тілдегі оқулықтар мен мынадай тегін онлайн сөздік пайда болды. Мысалы, жаңалық сөзінің аудармасы бар-жоғын тексеріп көрейік. Корей тілінде бұл «нюсы» болады. Иә, дұрыс аударды және осы сөз кездесетін бірнеше сөйлемді көрсетті.
Хангук университетінің Орталық Азия зерттеулері кафедрасында студенттердің үштен бірі қазақ тілін таңдаған. Оларға еліміздің Сеулдегі бұрынғы елшісі Дулат Бақышев дәріс береді. Дәріс кезінде студенттер тек қазақ және кәріс тілдерінде сөйлейді. Әрқайсысының екі есімі бар. Ким Со Джин немесе Дина. Дина Абай тілін үйреніп жүргеніне небәрі екі ай болса да, негізгі сөз тіркестерін түсіне бастаған. Бұған оған электронды оқулық пен жаңа цифрлық сөздік көмектесіп жатыр.
Ким Со Джин, Хангук университетінің 1 курс студенті:
- Сәлеметсіз бе! Менің атым Дина. Қазақ тілін үйрену кезінде кейде түсіну қиын сөздер немесе бірнеше мағынасы бар сөздер кездеседі. Мұндай жағдайда мен онлайн сөздікті пайдаланамын. Міне, менің дәл қазір сабақта іздеген сөзім. «Жұмсақ» сөзі тек заттың сипатына ғана емес, адамның мінезіне де қатысты айтылады екен. Сөз мағыналарын шатастырған кезде, іздеу жүйесі оларды оңай түсінуге көмектеседі.
Тіл білімінен бөлек, студенттер қазақ мәдениетін танып, домбыра шертіп үйренуде. Ким Тэ Ынның, яғни Алманың қазақ тіліне деген қызығушылығы Q-pop стиліндегі музыка арқылы оянған.
Ким Тэ Ын, Хангук университетінің 2 курс студенті:
- Сәлеметсіз бе! Менің қазақша атым – Алма. Сонымен қатар менің кәрісше атым – Ким Тэын. Қазақ тілін үйренуге себеп болған – менің сүйікті әншілерім мен музыкалық топтар. Мен сөздікті белсенді қолданамын, өйткені онда сөздерді жүйелеу функциясы бар және әр сөздің дыбысталуын тыңдауға болады. Мысалы, «у», «ұ» және «ү» әріптерін жиі шатастырып аламын. Соның салдарынан жаттау кезінде қиындықтар немесе қателер туындайды.
Алғашқы қазақша-кәрісше онлайн-сөздікті Хангук университетінің профессоры Сон Ён Хун немесе Құдайберген әзірледі. Ол студенттерге Қазақстанның мемлекеттік тілін меңгеруге көмектесу үшін бұл жобамен жылдар бойы айналысқан.
Сон Ён Хун, Хангук университеті жанындағы халықаралық білім беру институтының басшысы:
- Ең қиын мәселенің бірі – ол терең мәдени және тарихи ұғымдарды корей тілінде дәл жеткізу болды. Мысалы, көшпелі мәдениетке қатысты сөздер мен қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымын білдіретін ұғымдар бар ғой. Соны кейде тура мағынада тікелей аудармайды. Сондықтан оны жай аудара салмай, сөздікте мәдени түсіндірмесін де бірге беру қажет болды.
Сервистің танымалдылығына қарамастан профессор Сон платформаны әлі де жетілдіріп жатыр. Ол енді ұсақ кемшіліктерді түзетіп, сөздік қорды кеңейтіп, жасанды интеллект көмегімен қазақ тілін оқыту бағдарламаларын әзірлеуді жоспарлап отыр.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян